Ерекше балаларға арналған оңалту орталығы есігін айқара ашты - ШҚО, Самар

Самар ауданында ерекше білім беруді қажет ететін балаларға арналған психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті ашылды. Бұл жаңа мекеме 2 маусымнан бастап өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Балалардың дамуына жан-жақты қолдау көрсететін бұл орталықта 0-ден 18 жасқа дейінгі балаларға оңалту, әлеуметтік бейімдеу және ата-аналарға кеңес беру қызметтері ұсынылады.
Коррекция кабинеті Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2024 жылғы 27 желтоқсандағы №327 қаулысы негізінде, «Парыз» қорының қолдауымен ашылып отыр. Мекеме заманауи талаптарға толық сай жабдықталған. Мұнда монтессори педагогикасына негізделген әдістермен сабақ өтетін бөлмелер, логопед пен дефектолог кабинеттері, сенсорлық бөлме, ЛФК және ритмика залдары, СБО – арнайы білім беру қажеттілігіне арналған кабинеттер қарастырылған.
Ғимараттың инфрақұрылымы да ерекше қажеттілігі бар балаларға бейімделген: пандустар, тактильді бағыттаушы белгілер, кең есіктер, санитарлық бөлмелердегі арнайы тұтқалар – мұның бәрі балалардың еркін қозғалуына мүмкіндік береді.
Бүгінде бұл орталықта 82 балаға кәсіби мамандар – логопедтер, дефектологтар, психологтар, монтессори педагогтары, ЛФК және ритмика мұғалімдері, СБО педагогтері мен тәрбиешілер жүйелі түрде көмек көрсетіп келеді. Балалардың әрқайсысына жеке көзқарас, ерекше ықылас таныту – осы мекеменің басты ұстанымы.
Самардағы жаңа орталық – ерекше балалардың болашаққа сеніммен қадам басуына жол ашатын шынайы қамқорлық пен қолдаудың көрінісі.