Шығыс Қазақстанда 870 шақырым жол жөнделеді

Шығыс Қазақстан облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары ауқымды қарқынмен жалғасуда. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Әкімнің айтуынша, өткен 2024 жылы облыста 710 шақырым жол жөнделген. Ал биыл бұл көрсеткішті 870 шақырымға жеткізу көзделіп отыр. Мұндай қадам тек өңір ішіндегі логистиканы жақсартуға емес, сонымен қатар табиғаты тамсандырған Шығысқа ат басын бұратын саяхатшыларға да қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Нақты нәтиже де бар. Соңғы жылдары туризм саласы айтарлықтай серпін алып келеді – әсіресе ішкі туристер ағыны артуда. Бұл ретте жол желісін жаңарту – заман талабына сай инфрақұрылым қалыптастырудың басты тетіктерінің бірі. Жол – саяхат пен өркендеудің алғашқы баспалдағы.
Шығыс Қазақстан – тек көркем бағыттар мен табиғи әсемдік емес, ол – жүрекке жол табатын, саяхаттаушыны баурап алатын жаңа мекенге айналуда. Ал сол жаңа мүмкіндіктерге бастар даңғыл – сапалы жолдан басталады.
Дамир Омаров
Фото: 7kun.kz