2024–2025 оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды

Қазақстанда 2024–2025 оқу жылы өз мәресіне жетіп келеді. Биылғы жылы еліміз бойынша 3 908 450 оқушы оқу жылын тәмамдауда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Олардың ішінде 217 мыңнан астам түлек мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам баспақ. Бұл жастар үшін жаңа мүмкіндіктер мен маңызды шешімдер кезеңі басталатынын білдіреді.
Айта кетейік, биылғы оқу жылының ресми аяқталуы жексенбі — 26 мамырға сәйкес келіп отыр. Осыған байланысты 11-сынып түлектері үшін соңғы қоңырау рәсімі 23 немесе 24 мамырда өтеді. Бұл күнді нақты белгілеу – мектеп әкімшілігінің құзырында.
Білім басқармалары ата-аналар мен мектеп ұжымдарын ескертеді: барлық оқушыларға бірдей мүмкіндік пен қауіпсіз жағдай жасау мақсатында мектептен тыс, сән-салтанатпен өтетін шаралар, автокөлікпен шерулер және ақша жинау сынды әрекеттерге жол берілмейді.