Өскеменде дыбыстық бағдаршамдар пайда болды

Өскеменде жаяу жүргіншілерге арналған жаңа бағдаршам жүйесі іске қосылды. Қалада алты жаяу жүргінші өткеліне дыбыстық хабарлама беретін құрылғылар орнатылды. Соның ішінде көпшілік жүретін Ушанов алаңындағы өткелдер де бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Енді бағдаршам әр түске байланысты дыбыспен белгі береді. Мысалы, жасыл түс жанғанда ол туралы хабарлап тұрады. Бұл жүйе әсіресе көзі көрмейтін немесе көру қабілеті әлсіреген адамдар үшін өте ыңғайлы. Себебі дыбыстық белгі арқылы жолдан қашан өтуге болатынын оңай білуге болады.
Мамандардың айтуынша, жаңа жүйе мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қалада кедергісіз орта қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар дыбыстық белгіге қарап, телефонға алаңдап келе жатқан адамдар да бағдаршамның өзгергенін біліп, қауіпсіздікті сақтай алады.
Жолда қауіпсіз қозғалыс жасау – әр тұрғын үшін маңызды. Сол себепті мұндай жаңашылдықтар алдағы уақытта қаладағы өзге де көшелерге орнатылады деп күтілуде.
Фото: Өскемен қаласы әкімдігі