Казцинкте тыл еңбеккерлеріне құрмет көрсетілді
Өскемен
14-05-2025, 17:02
0

Жеңістің 80 жылдығына орай «Казцинк» компаниясы тыл еңбеккерлерін арнайы құттықтап, зауытқа экскурсия ұйымдастырды. Құрметті қонақтарға мерекелік медальдар мен гүл шоқтары табыс етілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Кәсіпорын басшылығы ардагерлердің елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
– Біз бүгінгі бейбіт күніміз үшін сіздерге қарыздармыз. Сіздер болмасаңыздар, Жеңіс те, мына өндіріс орны да болмас еді. Қазір осы зауытта сіздердің ұрпақтарыңыз еңбек етіп жүр. Сіздердің өмір жолдарыңыз – біз үшін үлгі, – деді «Казцинк» ЖШС-нің әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.
Салтанатты жиында компания жұмысшылары ардагерлерге арнап соғыс жылдарындағы әндерді орындады. Одан кейін қадірменді қонақтар зауытты аралап, қазіргі өндіріс барысымен танысты. Заманауи технологиялар мен жаңа жабдықтарды көріп, бір кездері өздері еңбек еткен зауыттың қаншалықты өзгергеніне куә болды.
– Мен бұл жерде 50 жыл жұмыс істедім. Еңбек жолымды зертханашы болып бастап, зертхана басшысы болып зейнетке шықтым. Қазір бәрі жаңарған. Жастарға айтарым – еңбекті сүю керек, Отанды қадірлеу керек, – деді ардагер Антонина Козьмина.
Айта кетейік, қазіргі таңда «Казцинкте» 112 тыл ардагері бар.