Ертең Өскеменде облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді

2025 жылғы 14 мамыр күні сағат 10:00-де Өскемен қаласындағы Республика алаңында «Шығыс маманы» атты облыстық бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараның басты мақсаты – жұмыссыз азаматтарға, жастарға және білім беру ұйымдарының түлектеріне жұмысқа орналасуға жәрдемдесу, сондай-ақ жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілер арасында тікелей байланыс орнату.
Жәрмеңкеге 81-ден астам жұмыс беруші қатысады деп жоспарлануда. Олар 600-ге жуық бос жұмыс орнын ұсынбақ. Бүгінде жәрмеңкеге 25-тен астам ірі кәсіпорын қатысуға өтінім беріп үлгерді. Олардың қатарында:
- «Казцинк» ЖШС
- «ТМК» АҚ
- «Үлбі металлургия зауыты» АҚ
- «Шығыс жылу» АҚ
- «Согрин ЖЭО» ЖШС
- «Біріккен ЭнергоСервис компаниясы» АҚ
- «Темірбетон комбинаты» ЖШС
- «Өскемен ұн комбинаты» ЖШС
- «Востокмашзавод» АҚ
- «Востокцветмет» ЖШС
- «Арна Минералс» ЖШС
- «СМУ Шығыс» ЖШС және басқа да мекемелер бар.
Жәрмеңке барысында жұмыс берушілер өз кәсіпорындарының тұсаукесерін өткізіп, қолжетімді бос жұмыс орындарын таныстырады. Сонымен қатар, үміткерлер HR-менеджерлермен бетпе-бет сөйлесіп, әңгімелесуден өту мүмкіндігіне ие болады. Бұл шара олар үшін нақты жұмысқа орналасуға жол ашуы мүмкін.
Сондай-ақ, жәрмеңке аясында жұмыспен қамту, еңбек құқықтары және әлеуметтік қолдау шаралары бойынша кеңес беру қызметтері көрсетіледі.