Шемонаиха ауданында Кабдуали Қажақановтың құрметіне арналған волейболдан турнир өтті

Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында 10-11 мамыр аралығында соғыс ардагері Кабдуали Қажақановтың естелігіне арналған волейболдан ашық турнир өткізілді. Бұл спорттық шара тек спортшыларды ғана емес, сондай-ақ Батырлардың ерлігін ұлықтап, Жеңісті жақындатқан барлық адамдарды біріктірді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Турнирге 11 команда, 110-нан астам волейболшы қатысты. Сайыс үш алаңда өтті: Сугатовка ауылының Вавилон ауылдық округіндегі спорт залы, Шемонаиха қаласындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебі және Шемонаиха қаласындағы дене шынықтыру және сауықтыру кешені.
Турнирдің ашылу рәсіміне ардагердің туыстары мен жақындары, сондай-ақ шараны қолдаған спорт меценаттары қатысты.
Екі күнге созылған тартысты жарыс нәтижесінде жалпы жүлде қоры – 2 000 000 теңге үшін күрес өтті. Командалар жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жеңіске деген ерік-жігерін дәлелдеді.
Турнирдің жеңімпаздары болып Өскемен қаласының командасы танылды. Ал екінші орынға «Шемонаиха I» командасы, үшінші орынға «Шемонаиха II» командасы ие болды.
Шара барысында меценаттар волейбол доптарын табыстап, «Жұлдыз» спорт клубының жаттықтырушыларына, Сугатовка ауылының спорт кешеніне және «Шемонаиха I» мен «Шемонаиха II» командаларының өкілдеріне қолдау көрсетіп, алғыстарын білдірді.