«Жеңісті жүректе сақтаймыз» атты облыстық семинар өтті

Бүгін Марқакөл жерінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және көрнекті ұстаз, КСРО Халық мұғалімі Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдығына арналған «Жеңісті жүректе сақтаймыз: Қазақстан оқушыларын азаматтыққа және отансүйгіштікке баулу» атты облыстық семинар өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасының өкілдері, аудандық білім бөлімдерінің әдіскерлері, мектеп басшылығы мен сынып жетекшілері – жалпы саны 75-ке жуық білім саласының мамандары қатысты.
Семинар Құмаш Нұрғалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Бұл – ұлағатты ұстаздың есіміне деген тағзым мен құрметтің жарқын көрінісі. Одан кейінгі пленарлық отырыста Құмаш Нұрғалиевтің өмірі мен еңбегі туралы бейнефильм көрсетіліп, мазмұнды баяндамалар оқылды. Пленарлық бөлім оқушылардың орындауындағы гимназия әнұранымен түйінделді.
Семинар барысында қатысушыларға арналған экскурсиялар, шеберлік сағаттары және тәрбие бағытындағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Қорытынды бөлімде кері байланыс орнатылып, қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.
Бұл семинар – жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуге, тарихи жадыны сақтау мен ұстаз мұрасын ұлықтауға бағытталған маңызды шара болды.