Креативті арт-индустрия: жаңа білім бағыты

Қазақ ұлттық хореография академиясында «Креативті арт-индустрия» атты жаңа білім беру бағдарламасы іске қосылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Аталған бағдарлама заманауи креативті экономикаға бейімделген білікті кадрларды даярлауға мүмкіндік береді. Оқу бағдарламасына арт-менеджмент, медиаиндустрия, заманауи өнер және цифрлық технологиялар саласы бойынша пәндер енгізілген. Дәрісті отандық және халықаралық сарапшылар жүргізеді.
Айта кетейік, биыл креативті индустрияларды қолдау және дамыту мәселелері бойынша арнайы заң қабылданған болатын. Сондай-ақ бюджет кодексі бекітілді. Енді ұлттық лотерея операторы табысының 3%-ы тоқсан сайын креативті индустрияларды дамытуға қолдау көрсету жөніндегі корпоративтік қорына бөлінетін болады. Ал қор биыл шілде айынан бастап жұмысын бастайды.
Мамандардың айтуынша, жаңа білім беру бағдарламасы шығармашылық мамандардың құқығын қорғауға, инвестиция тартуға, жұмыс орындарын көптеп ашуға және елдің мәдени әлеуетін арттыруға бағытталған.
Фото: Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі