Энергетика қауіпсіздігі үшін жаңа Киберқауіпсіздік орталығы ашылмақ
Президент / Қоғам
10-09-2025, 10:46
Елімізде жылу-электр орталықтары мен басқа да стратегиялық маңызды нысандарды кибершабуылдардан қорғау үшін жаңа Киберқауіпсіздік орталығы құрылады. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында айтылған тапсырмалар аясында жүзеге аспақ.
Цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мунның айтуынша, энергетика саласында цифрландыру күшейген сайын киберқауіптер де артып отыр. Әсіресе ЖЭО-лар қашықтан басқаруға көшкен соң, олардың тиімділігімен бірге хакерлік шабуылға ұшырау қаупі де жоғарылаған.
«Энергетика – күрделі әрі жауапты сала. Сондықтан бұл бағытпен жұмыс істейтін мамандар саланың ерекшелігін, құрылғылардың қалай жұмыс істейтінін және қандай үзілістер болуы мүмкін екенін жақсы білуі керек. Тек осындай мамандар ғана барлық маңызды нысандарға жаңа талаптар әзірлей алады», – деді вице-министр.
Жаңа орталықтың негізгі міндеті – энергетика саласында киберқауіпсіздікті күшейту, хакерлік шабуылдардың алдын алу және елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болмақ.

