«Мәдениет пен әдеп – әр отбасынан басталады» – Мемлекет басшысы

Президент / Қоғам 9-09-2025, 13:47

«Заң және тәртіп» тұжырымдамасының мазмұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында одан әрі нақтыланып, жетілдірілді. Мемлекет басшысының айтуынша, заң үстемдігі мен қоғамдық тәртіп – Қазақстан мемлекетінің негізін құрайтын берік іргетасы.

«Заң және тәртіп» қағидаты тек мемлекеттік органдар үшін ғана емес, елдің әрбір азаматы үшін де маңызды әрі міндетті талап. Бұл ұстанымды Президент айрықша атап өтті.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қазіргі қоғамда дөрекілік, тәртіпсіздік пен жанжалдың жиілегеніне алаңдаушылық білдірді. Мұндай келеңсіз оқиғалар қоғамдық орындарда, жол-көлік қатынастарында жиі байқалады. Бұл тек заңбұзушылық қана емес, сонымен бірге кейбір азаматтардың мәдени деңгейінің төмендігін көрсетеді.

Аталған жағдайларды әлеуметтік желілердегі бейнематериалдар мен құқық қорғау органдарының ресми деректері де растап отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қоғамдағы дөрекілік пен тәртіпсіздіктердің өркениетті, мәдениеті озық мемлекетке тән емес екенін ашық айтты. Оның пікірінше, мұндай келеңсіз құбылыстар еліміздің халықаралық аренадағы беделіне нұқсан келтіреді. Мемлекет басшысы бұл әрекеттердің ұлттық менталитетке, халқымыздың мәдени болмысына және жалпы ел дамуына кереғар екенін ерекше атап өтті.

Прогрессивті, озық ұлт болу үшін біз мұндай теріс қылықтардан батыл түрде арылуға тиіспіз. Бұл – барша қоғамға ортақ міндет. Президент  халықты жасампаздыққа, жауапкершілікке және шынайы патриотизмге үндейді. Оның пайымынша, патриотизм тек ұранмен немесе сыртқы атрибуттармен шектелмеуі тиіс, ол ең алдымен азаматтардың күнделікті мәдениеті мен тәртібінен көрінуі қажет.

Осылайша, Президент «Заң», «тәртіп», «мәдениет», «салт-дәстүр» сияқты құндылықтарды бір арнаға тоғыстыра отырып, олардың өзара тығыз байланыста екенін алға тартады. Бұл ұғымдар қоғам өмірінің негізі ретінде қарастырылуы керек.

«Мәдениеттілік, әдептілік пен тәрбие – әр азаматтан, әр отбасынан басталуы керек», – деп атап өтті Мемлекет басшысы. Ал бұл – қоғамдағы тұрақтылық пен өркендеудің басты кепілі.

Меніңше, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына берген бағасы – қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелеріне дер кезінде берілген нақты әрі маңызды жауап. Қоғамда тәртіп пен заң үстемдігін орнықтыру тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл халықтың ортақ борышы екенін түсінуіміз қажет. Әр азамат өз әрекетіне жауап беріп, мәдениеттілік пен әдептілікті өмір салтына айналдырған жағдайда ғана ел ішінде шынайы тәртіп пен тұрақтылық орнайды.

Сонымен қатар, мұндай тұжырымдама ұлт ретінде дамуымызға тың серпін береді. Себебі өркениетті ел болу – тек экономикалық көрсеткіштермен өлшенбейді, ол ең алдымен азаматтардың сана-сезімі мен жүріс-тұрысынан, бір-біріне деген құрметінен байқалады. Сондықтан біз әрдайым тәртіпті сақтап, салт-дәстүріміз бен ұлттық болмысымызды ұлықтап отыруымыз қажет. Тек осылай ғана елімізді озық, мәдениеті жоғары мемлекет ретінде қалыптастыра аламыз.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар