Шығыс Қазақстан жұртшылығы Мемлекет басшысының Жолдауын тыңдап жатыр
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялап жатыр. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындары да бұл маңызды сәтті жіті қадағалап, Президенттің әрбір бастамасына назар аударуда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Президент өткен парламенттік сессияны нәтижелі деп бағалап, осы кезеңде қоғам үшін аса маңызды заңдар қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ депутаттардың жазғы демалыс кезінде өңірлерге шығып, халықпен кездесулер өткізгенін айтты. Тоқаев Парламенттің елде жүргізіліп жатқан реформаларды жүзеге асырудағы негізгі рөлін ерекше атап өтті.
Жолдауда Мемлекет басшысы өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар тапсырма берді. Әсіресе, аймақтардың инвестициялық тартымдылық индексін енгізу қажеттігін айтты. Бұл көрсеткіш әр өңірдің даму қарқынын бағалап қана қоймай, әкімдердің тікелей жауапкершілігін айқындауға мүмкіндік береді.
Президент арнайы экономикалық аймақтардың жұмысын сынға алып, олардың тиімділігін арттыру үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың да аймақ экономикасын дамытудағы үлесі төмен екенін атап өтті. Мемлекет басшысы Үкіметке бұл құрылымдарды толыққанды даму институтына айналдыруды тапсырды.
