Мемлекет басшысы: «Еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруға зор мүмкіндік бар»

Президент / Қоғам 8-09-2025, 19:57

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің географиялық орналасуы Қазақстанды Еуразиядағы ірі транзиттік хабқа айналдыруға зор мүмкіндік беретінін атап өтті. Мемлекет басшысы осы бағыттағы кешенді жұмыстарды жеделдетуді тапсырды. Бұл қадам экономикалық өсімге серпін беріп қана қоймай, халықаралық саудадағы еліміздің беделін нығайта түседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өткен жылы халықаралық көлік дәліздері арқылы ел аумағында тасымалданған жүк көлемі 1 миллиард тоннадан асты. Бұл транзиттік саладағы әлеуеттің жоғары екенін көрсетті.

Президенттің айтуынша, Солтүстік–Оңтүстік көлік дәлізі Қазақстанға Парсы шығанағы мен Оңтүстік Азия елдерінің нарығына жол ашса, Шығыс–Батыс бағыты Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында еліміздің Еуразиядағы рөлін күшейтеді. Ал Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңызы артып, бұл бағыттардың барлығы біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс.

– «Бұл бағыттардың бәрі біртұтас жүйе сияқты жұмыс істеп, елімізге едәуір табыс әкелуі керек. Сондай-ақ инфрақұрылымды жақсартуға жаңа инвестиция тартуы қажет, сапалы жұмыс орындарын ашуға ықпал етуге тиіс. Осы орайда, цифрлық тәсілдерді ауқымды түрде қолданған абзал. Онсыз ешқандай тиімділік болмайды. Өңірлердің көлік байланысына қатысты мәселемен мықтап айналысу керек. Ірі транзиттік аймақ саналатын Қазақстан үшін бұл бағыт айрықша маңызды », – деді Мемлекет басшысы.

Президент транзиттік үрдістерді оңтайландыру үшін цифрлық технологияларды кеңінен енгізудің маңызын атап өтті. Қазіргі рәсімдер тым күрделі әрі ұзаққа созылып жатқанын айтқан Мемлекет басшысы «Smart Cargo» атты бірыңғай цифрлық жүйені іске қосуды тапсырды. Бұл жоба логистика мен кеден рәсімдерін біріктіріп, инфрақұрылымға барлық компаниялардың тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жүйе қазан айының соңына дейін дайын болуы тиіс. Сонымен бірге жасанды интеллектке негізделген кешенді көлік платформасын енгізу де жоспарланып отыр.

Шекарадағы өткізу бекеттерінің жағдайын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Биыл 8 бекет іске қосылса, алдағы үш жылда тағы 34 бекет жаңартылады. Президент кейбір бекеттердің қазіргі ахуалы халықаралық талаптарға сай еместігін атап өтіп, Үкімет пен әкімдіктерге бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді жүктеді.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы тариф саясатының икемсіз екенін сынға алды. Жыл соңына дейін көліктің барлық түрін ескере отырып, бәсекеге қабілетті жаңа тариф жүйесін әзірлеу тапсырылды.

Президент қорытындысында еліміздің бүкіл аумағында кедергісіз тасымалдау жүйесін қалыптастырудың маңызын атап өтті. Транзиттік жүктердің «жасыл дәліз» қағидаты бойынша еркін өтуіне барлық жағдай жасалуы қажет деді.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар