Президент бір палаталы Парламент құру бастамасын көтерді

Президент / Қоғам 8-09-2025, 19:56

Бір палаталы Парламент құру үшін 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

– «Мен Сенатқа он жыл басшылық еттім. Бұл жұмысты қашанда зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік деп санадым. Сондықтан маған осы мінберден парламенттік реформа туралы айту оңай емес. Соған қарамастан мен дәл бүгін елімізде көп ұзамай бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтергім келеді», – деді Президент.

Президенттің айтуынша, бұл мәселені асығыс шешуге болмайды. Реформа азаматтық секторда, сарапшылар ортасында және қазіргі Парламент қабырғасында жан-жақты талқылануға тиіс.

– «Реформаның мән-маңызы айрықша екенін ескерсек, оны талқылауға бір жыл уақыт керек деп ойлаймын. Содан кейін, яғни 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізуге болар еді. Содан соң Конституцияға тиісті өзгеріс енгізе аламыз», – деді Мемлекет басшысы.

Президент бұл бастаманың халық келісімімен ғана жүзеге асырылатынын атап өтті. Егер бір палаталы Парламент құруға ортақ шешім қабылданса, оны тек партиялық тізім бойынша сайлау қажет болады.

Мемлекет басшысы саяси жүйедегі кез келген өзгеріс елдің болашағына тікелей ықпал ететінін, сондықтан бұл мәселе ең алдымен халықтың еркіне сүйеніп шешілетінін ерекше атап өтті.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар