Жасанды интеллектіні ерте жастан оқыту – болашақтың кепілі
Президент / Білім
8-09-2025, 19:55
ШҚО білім басқармасының басшысы Қуат Оқасов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған бастамаларға пікір білдірді. Оның айтуынша, Президент көтерген мәселелер қазіргі білім беру жүйесінің стратегиялық даму бағыттарымен толық үндеседі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысының айтқан бастамалары қазіргі білім беру жүйесінің стратегиялық даму бағыттарымен толық сәйкес келеді. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, жасанды интеллектіні ерте жастан оқыту оқушылардың сыни ойлау, логикалық талдау, креативтілік дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. «Келешек мектептері» ұлттық жобасының аясында жаңа білім беру инфрақұрылымының салынуы – бұл оқушыларды жаңа технологиялармен қамтуға жасалған нақты қадам. Ал «Qazaq Digital Mektebi» үлгісінің жасалуы ауыл мен қала арасындағы білім алшақтығын қысқартуға үлкен мүмкіндік береді. Жасанды интеллект негіздері бойынша оқу бағдарламаларының әзірленуі тек оқушылар үшін ғана емес, ұстаздардың да кәсіби деңгейін арттыруға сеп болады. Себебі, технологияны игермеген педагог болашақ ұрпаққа сапалы білім бере алмайды. Сонымен қатар, балаларды дамыту орталықтарына жеке инвестициялар тарту – білім беру саласын мемлекет пен бизнестің бірлескен жауапкершілігіне айналдырады. Бұл модель аймақтық деңгейде жаңа мүмкіндіктерді ашады. Жалпы алғанда, ұсынылған бастамалар Қазақстанның адами капиталын дамытуға, жас ұрпақты жаңа заманның талабына сай даярлауға бағытталған жүйелі қадам деп айтуға болады,- деді басқарма басшысы.

