Президент Ұлттық қор рөлін қайта қарап, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетін құруды ұсынды

Президент / Қоғам 8-09-2025, 19:48

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда Ұлттық қорды пайдаланудың жаңа тәсілін енгізу қажеттігін айтып, Заңсыз активтерді қайтару комитетін Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті деп қайта атауды ұсынды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы бүгінгі күні ресурстарды тиімді бөлу және елге жаңа капитал тартуға жағдай жасау маңызды екенін атап өтті.

Меніңше, Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет деп өзгертетін кез келді. Бас прокуратура заңсыз актив иелерімен өнімді жұмыс істегенін айта кету керек. Соның нәтижесінде, қазынаға 850 миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылды. Бұл қаражат он мектеп, төрт спорт ғимаратын салуға, 235 денсаулық сақтау нысаны мен 177 су инфрақұрылымы нысанының құрылысына және жөндеу жұмыстарына бөлінді. Республикалық бюджетке тағы қосымша қаражат түспек, - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, инвесторларға берілетін салықтық жеңілдіктер нақты көрсетілуі тиіс, ең алдымен – айтарлықтай экономикалық тиімділік әкелетін жобаларға бағытталуы қажет. Президент тиімді құрал ретінде нәтижелілігін дәлелдеген инвестициялық келісімдерді атап өтті.

Бұдан бөлек, инвесторларға ұсынылатын салық жеңілдіктерін мұқият ойластырып, байыппен қолданған жөн, ел экономикасы үшін маңызы, пайдасы бар жобаларға басымдық берілуге тиіс. Жалпы инвестициялық келісім жасау тәсілі өз тиімділігін көрсетті, - деді Мемлекет басшысы.

Ұлттық қордың жаңа рөліне қатысты ұсынысқа баса назар аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, оның ресурстары тек қаржылық қауіпсіздік ретінде емес, перспективалы жобаларды дамыту тетігі ретінде де қолданылуға тиіс.

Біз Ұлттық қордың тұрақты даму құралы ретіндегі рөлін қайта қарауымыз керек. Қорды қосымша инвестиция көзі ретінде қолдану үшін ел ішіндегі болашағы зор және нарықтағы әлеуеті жоғары болатын жобаларға қаржы бөлуге болады. Ең бастысы қаражатты мұқият ойластырып жұмсау керек. Бұл іске, қажеті болса, сапалы сараптама жасай алатын халықаралық деңгейдегі басқарушылар мен инвесторларды тартуға болады, - деп атап өтті Президент.

Өңірлерде, соның ішінде Шығыс Қазақстан облысында әлеуметтік нысандар мен инфрақұрылымды қаржыландыруға деген сұраныс әлі де өзекті. Ұлттық қорды пайдаланудың жаңа тәсілдері мектептер, ауруханалар және су жүйелерін жаңғырту қарқынын жеделдетіп қана қоймай, экспортқа бағытталған шағын және орта бизнес жобаларына да серпін бере алады.

Жуықта Үкімет Бас прокуратура және салалық ведомстволармен бірлесіп, Ұлттық қорды трансформациялау және инвесторларды қорғаудың жаңа тетігін қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды қарастырады. Бұл мәселеге қатысты шешімдер кейін жарияланады.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар