Жасанды интеллект – жаңа дәуірдің негізгі тетігі

Президент / Қоғам 8-09-2025, 19:37

Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жолдауында әлемнің бетбейнесін айшықтап тұрған жасанды интеллект тақырыбына ерекше тоқталып, бұл салада арнайы министрлік құрылатыны туралы айтты. Өңір ІТ саласының мамандары бұл жаңалықты еліміздің болашағын айқындайтын шешім болды деп бағалауда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Жаңа технологиялық қалыптың ажырамас бөлігіне айналу үшін бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін қайта құрып, оның азаматтар мүддесіне сай болуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ашықтығы мен тиімділігін еселеп арттыру керек. Сондықтан қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында.

Шығыс Қазақстан техникалық университетінің «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» мектебінің оқытушысы Қанат Асхатұлы бүгінгі жолдаудың ІТ саласы мамандарына бағытталғанын айтады.

– Президент өз Жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектінің маңызын ерекше атап өтті. Бұл сөзінің салмағын Жасанды интеллектке салалық министрліктің ашылатындығымен де көрсетті. Біздің факультет те жасанды интеллект және цифрландыру деп аталады. Бұдан бөлек, бізде автоматтандыру бағытында да мамандар даярланады. Бүгінгі жолдауды жеке бізге бағытталған деп танып отырмын, – дейді Қанат Асхатұлы.

Мемлекет басшысы 2026 жылға қарай ІТ стартаптарының экспорт көлемін 1 млрд долларға дейін ұлғайту және елімізді өңірдегі жетекші цифрлық орталықтардың біріне айналдыру міндетін қойған болатын. Бүгін жолдауда көрсетілген бағыт-бағдарлар аясында ел ІТ мамандары жаңа белестерді бағындыруға ұмтыла түспек.

– Жаңа министрліктің ашылуы біздің хабқа ғана емес, бүкіл ІТ саласын дамытуға үлес қосып жүрген жоғары оқу орындары, бизнес салалары үшін жақсы жаңалық. Екі ай бұрын еліміз Орталық Азия бойынша ең алдыңғы қатарлы суперкомпьютерді жүзеге асырды. Бұл еліміздегі жастар үшін үлкен шешімдердің бірі. Тек қана Шығыс Қазақстан техникалық универститетінде ғана емес, республика бойынша «АІ сана» жобасын «Астана ІТ хаб» жобаларымен бірге, министрліктер деңгейінде бес мыңнан астам ЖОО студенттері жасанды интеллект бойынша курсты өтті. Жаңа министрліктің құзіреті, көмегімен жоғары деңгейдегі стартаптарымыз жүзеге асырылатыны сөзсіз, – дейді Oskemen IT Hub директоры Дидар Мұратұлы.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар