Көші-қон саласы мен әлеуметтік саясатта түбегейлі өзгерістер қажет
Президент / Қоғам
8-09-2025, 19:35
Президенттің айтуынша, қазіргі таңда еңбек нарығын реттеу және көші-қон үрдістерін басқару салаларында жүйелі, тиімді шешімдер қабылдауға орталықтандырылған бақылау жүйесінің болмауы кедергі келтіруде. Осыған байланысты Үкіметке ел ішіндегі және халықаралық көші-қон ағындарын есепке алатын бірыңғай цифрлық жүйені тез арада енгізу тапсырылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Астанаға көші-қон – инфрақұрылымдық дағдарысқа апаруы мүмкін
Мемлекет басшысы қазақстандықтарға арналған Жолдауында бақылаусыз ішкі және сыртқы миграция мәселесіне ерекше назар аударып, бұл әсіресе, Астана қаласының инфрақұрылымына үлкен жүктеме түсіріп отырғанын атап өтті. Соңғы үш жылда елорда халқы 250 мың адамға көбейген. Мәселен, 2024 жылы ғана қала халқы 100 мың адамға өссе, алдын ала болжам бойынша, биылғы жылы аталған көрсеткіш одан да асып кетуі мүмкін.
Президенттің айтуынша, бүгінде қаланың ресми тұрғындар саны –1,5 млн адамды құрайды делінгенімен, шындығына келгенде, күнделікті нақты жүктеме 1,9 миллион тұрғынға жеткен. Бұл дегеніміз – 400 мыңға жуық адам тіркеусіз өмір сүріп, қаланың инфрақұрылымын пайдаланып отыр деген сөз. Осы жағдай жылумен, сумен қамту жүйелерінің тұрақтылығына қауіп төндіруде.
2022 жылдан бері Астанада мұқтаж азаматтарға шамамен 7 000 пәтер берілген. Соның ішінде:
• Көпбалалы отбасыларға – 1 380 пәтер;
• Жетім балаларға – 835 пәтер;
• Мүгедектігі бар азаматтарға – 665 пәтер.
Өңірлердегі бірқатар әкімдер корпоративтік табыс салығынан түскен қаражатты тиімсіз жобаларға – мысалы, брусчатка төсеуге жұмсауда. Соның салдарынан азаматтар әлеуметтік қолдау көрсетілетін Астанаға жаппай көше бастады. Нәтижесінде, қазір елордада тұратын әлеуметтік осал топтар саны күрт артқан, әлеуметтік шығындар бюджет кірісінен жылдамырақ өсуде, осының негізінде қалалық бюджеттің 60%-ы әлеуметтік қолдауға жұмсалуда екен.
Сондай-ақ, балаларды оқытатын мектеп жетіспегендіктен, жыл сайын 15 жаңа мектеп салу қажеттілігі туындаған, ал ауруханалар мен емханаларда орын тапшы.
Президент көпшіліктің астанаға көшу себептерін жан-жақты зерттеп, анықтауды және өңірлерде әлеуметтік-экономикалық «тартылыс орталықтарын» дамытуды тапсырды. Сонымен қатар, «ақша азаматтармен бірге жүруге тиіс» қағидатын енгізуді тапсырды. Бұл өз кезегінде, әлеуметтік қаржыландыруды әділ бөлудің жаңа тәсілі болмақ.
Бүгінде елде 100-ден астам түрлі әлеуметтік жеңілдік бар. Президент бұл жүйеде делдалдардың (помогайкалардың) пайда болып, кейбір азаматтардың заңсыз жолмен жеңілдіктерге ие болып жүргендерін сынға алды.
«Біз әлі күнге дейін КСРО кезіндегі қақтығыстарға қатысқандарға тегін медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО жойылғанына 35 жыл болса да, «ардагерлер» саны көбейіп барады. Осындай жасанды жеңілдіктер мектеп, аурухана, жол салуға қажетті қаражатты бұғаттап отыр», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Бұған мысал ретінде, Президент «толық емес отбасылар» санаты енгізілгеннен кейін елдегі ажырасу саны күрт өскенін, аталған көрсеткіш бойынша Қазақстан әлемдік антилидерлер қатарына енгенін тілге тиек етті.
«Біз өз қолымызбен масылдықты ынталандырып, тіпті әлеуметтік алаяқтықтың етек жаюына жол бердік. Кейбір азаматтар арасында: «Егер әр отбасы мүшесіне атаулы әлеуметтік көмек алатын мүмкіндік болса, онда не үшін жұмыс істеуі керек?» деген масылдық психология қалыптасты», – деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы 15 жылда әлеуметтік салада ұтымды реформа жүргізілмей, керісінше, масылдықты қолдайтын саясат қалыптасты.
Елдің демографиялық тенденцияларын дұрыс бағалап, ұзақмерзімді жоспарлар құру – инфрақұрылымды дамыту, еңбек нарығын болжау және өңірлік саясатты тиімді жүргізу үшін аса маңызды. Бірақ қазіргі таңда бұл салада да нақты есеп пен талдау жоқ.
Осыған байланысты Президент «Big Data» және жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін, демографиялық үрдістер мен еңбек нарығын зерттейтін арнайы сараптамалық орталық құруды тапсырды.
