Мұхтар Төлеген: 100 мыңнан астам студент жасанды интеллект курстарынан өтті

Президент / Білім / Қоғам 8-09-2025, 19:28

С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

– Бүгін Президент жыл сайынғы Жолдауында цифрлық даму мәселесіне айрықша тоқталды. Алдағы үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеті қойылды. Бұл бағытта арнайы министрлік құрылып, жасанды интеллектіні кеңінен пайдалану жоспарланып отыр, – деді Мұхтар Төлеген.

Ректордың айтуынша, С.Аманжолов атындағы ШҚУ-да осы үрдісті қолдау мақсатында 100 мыңнан астам студент I-sana курстарынан өткен. Бұл бастама жасанды интеллектіні тек жоғары оқу орындарында ғана емес, мектеп деңгейінен бастап енгізуге жол ашады.

Сонымен қатар Мұхтар Төлеген туризмді дамытуға қатысты Президент тапсырмаларының аймақ үшін маңыздылығын атап өтті.

– Өңіріміз үшін бұл аса маңызды. Зайсан мен Катонқарағайда әуежайлардың құрылысы жүріп жатыр. Биылдың өзінде туристер санының артып келе жатқанын байқаймыз. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, капитал тартуға және өңірдің инвестициялық әлеуетін арттыруға ықпал етеді, – деді ол.

Президент назар аударған тағы бір маңызды мәселе – «Таза Қазақстан» бағыты мен су тапшылығы.

– Сусыз өмір жоқ. Аралдың тағдырын көріп отырмыз, Каспий мәселесіне де Президент көңіл аударды. Осы бағытта біздің университет ғалымдары арнайы сүзгілер ойлап тауып, су тапшылығын шешуге үлес қосуда, – деді Мұхтар Төлеген.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар