Қазақстан Еуразиядағы көлік хабына айналмақ

Президент / Қоғам 8-09-2025, 13:50

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында көлік және логистика саласын дамытуға ерекше тоқталды. Мемлекет басшысы еліміздің Еуразиядағы басты көлік хабына айналуы – стратегиялық маңызы бар міндет екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, халықтың жолаушылар вагондарының жай-күйіне қатысты шағымы аз емес. Бұл мәселені шешу үшін Астанада вагон құрастыратын жаңа зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта шетел инвесторының қатысуымен халықаралық стандартқа сай заманауи жолаушылар вагондары жасалады.

Авиация саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Соңғы жылдары Алматы, Шымкент және Қызылордада жаңа әуежай терминалдары ашылды. Жақында Зайсанда, Қатонқарағай мен Кендірліде әуежай құрылысы аяқталмақ. Сондай-ақ Арқалық әуежайы қайта қалпына келтіріліп жатыр.

«Бұл жобалар аймақтардың экономикалық белсенділігін арттырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады. Сонымен қатар, бірқатар салаға серпін береді. Сондықтан бұл жұмыс өз жалғасын табуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президент әуе арқылы жүк тасымалдау ісін дамытуға айрықша назар аудару қажеттігін айтты. Бұған дейін ол әуе жүк көлемін екі есе арттыру жөнінде тапсырма берген болатын.

«Электронды сауда мен жоғары технологиялық өнімдер саудасы қарқын алып жатқан қазіргі уақытта әуе жүк тасымалы сұранысы жоғары әрі табысы мол сала саналады. Біз әуе хабтарын дамытып, оларды жаһандық логистика тізбегіне енгізуге тиіспіз», – деді Мемлекет басшысы.

Осы мақсатта шетелдік ірі инвесторларды тарта отырып, Ұлттық жүк тасымалдаушы компания құру жоспарланып отыр. Сонымен қатар экспресс-жүк жеткізу саласын реттеу және тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі де басты назарға алынбақ.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар