Мемлекет басшысы: «Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс»

Президент / Қоғам 8-09-2025, 13:44

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің болашақ дамуына серпін беретін Alatau City жобасының маңызын атап өтті.

«Қарқынды өсіп келе жатқан көптеген мемлекетте даму көшінің басында жүретін қалалар инвестициялар мен технологияларды өзіне тартатын полюске айналған. Алатау қаласы еліміздің жаңа іскерлік және инновациялық орталығы болуға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бұл жалпыұлттық жобаға арнайы жер бөлініп, бастапқы жоспарлау жұмыстары аяқталған. Қазірдің өзінде негізгі инфрақұрылым желілері қосылған.
Мемлекет басшысы жуырда Қытайға жасаған сапарында құны миллиардтаған доллар тұратын келісімдер жасалғанын атап өтті. Соның ішінде Шэньчжэнь қаласындағы жаһандық технополисті салуға қатысқан жетекші компаниялардың бірі Alatau City жобасына тікелей атсалыспақ.

Қаланың құқықтық мәртебесі бекітіледі

Жолдау барысында Президент қалаға арнайы мәртебе беру қажеттігін айтты. Қала Үкіметке тікелей бағынуы үшін он күн ішінде тиісті жарлық әзірленеді. Ал жарты жылдан аспайтын уақыт ішінде жеке заң қабылдануға тиіс. Құжатта қаланы басқару жүйесі, қаржылық моделі және өзге де маңызды мәселелер қамтылмақ.

«Арнайы құқықтық мәртебе – қалаға берілетін артықшылық емес, жобаның қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуына қажетті құрал», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Alatau City аймақтағы алғашқы толық цифрланған қалаға айналатынын жеткізді. Мұнда Smart City технологиялары, заманауи цифрлық шешімдер, тіпті тауарлар мен қызметтерді криптовалютамен төлеу мүмкіндігі енгізіледі.

«Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеу мен өмір сүруге қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет», – деді Президент Жолдауында.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар