Еңбек қауіпсіздігі – басты назарда!

Өскемен 3-06-2025, 18:15

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, өткен жылы Шығыс Қазақстан облысында зиянды және денсаулыққа кері әсері бар, қауіпті еңбек жағдайында жұмыс істеген 51,4 мың жұмыскерге қосымша ақы төленген, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Атап айтқанда, өңірде зиянды және басқа да қолайсыз еңбек жағдайында жұмыс істеген 46,8 мың жұмыскерге қосымша демалыс беріліп, 34,3 мыңы тегін емдік-профилактикалық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ 13,2 мың қызметкердің еңбекақысы көтеріліп, 13,0 мыңына қысқартылған жұмыс күні белгіленген. Бұл мақсаттарға жұмыс берушілер тарапынан 28 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

2024 жылғы 2 мамырда әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында еңбек жағдайларын жақсарту және өндірістік жарақаттанудың алдын алу мақсатында «Шығыс Қазақстан облысында 2024–2030 жылдарға арналған өндірістік жарақаттанудың алдын алуға бағытталған Қазақстан Республикасының Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жол картасы» қабылданды.

Жол картасы аясында жүзеге асатын шаралар:

  • Жергілікті 23 кәсіпорын шарттық қатынастар шеңберінде қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету бойынша тапсырыс берушіден мердігерге дейін бақылаудың сатылы моделін енгізді. Олардың қатарында «Промтехмонтаж Өскемен басқармасы» ЖШС, «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС, «Service СМУ» ЖШС сынды кәсіпорындар бар.
  • Облыстағы 42 кәсіпорын «Vision Zero» – нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылды.
  • Қазіргі таңда облыста 1332 техникалық инспектор еңбек етеді. Олардың міндетіне өндірістік жарақаттың алдын алу және жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйымдастыру кіреді. Осы мақсатта өңір көлемінде 715 өндірістік кеңес құрылған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, еңбек процесі кезінде ұжымның қауіпсіздігі үшін толық жауапкершілік жұмыс берушінің мойнында. Дегенмен әрбір қызметкер де еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша бірыңғай талаптарды сақтап, белгіленген ережелер мен нұсқаулықтарды бұлжытпай орындауға міндетті.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаменті мамандары әрбір қызметкер еңбек шартын, әсіресе ұжымдық шартты талап етуі қажет екенін ескертеді. Өйткені онда жұмыс беруші мен еңбек ұжымы арасындағы өндірістік және тұрмыстық жағдайлар толық жазылып, еңбекті қорғауға қатысты талаптармен қатар, жұмыскерді жеке қорғаныш құралдарымен, арнайы киіммен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету тәртібі де қарастырылады.

Ал еңбекті қорғау жөніндегі іс-шараларды заң аясында жүзеге асыру – қызметкер мен жұмыс беруші арасындағы сенімді әрі дұрыс қарым-қатынастың негізі.


Фото: wfin.kz

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар