ШҚО-да қатты жел мен өрт қаупі күтіледі
Шығыс Қазақстан
12-06-2025, 16:05

12 маусым күні Шығыс Қазақстан облысында қатты жел соғып, жоғары өрт қаупі сақталады. Бұл туралы «Қазгидромет» ШҚ филиалы мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Синоптиктердің дерегінше, солтүстік-батыстан және солтүстіктен соғатын желдің жылдамдығы секундына 15-18 метрге дейін жетуі мүмкін. Ауа райының бұл қолайсыздығы әсіресе облыстың батыс, солтүстік және оңтүстік аудандарында байқалады.
Облыстың оңтүстік бөлігінде дала өртінің қаупі жоғары күйінде қалып отыр. Осыған байланысты ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға шақырады.
– Қатты жел кезінде электр сымдары мен тербеліп тұрған құрылымдарға жақындамаңыз. Ағаштардың астына және аялдама маңына тығылмау қажет. Ал өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында, саяжайда немесе үй маңында от жағуға мүлде болмайды. Бұл – өрттің шығуына тікелей себеп болуы мүмкін, – деп хабарлады ШҚО ТЖД.
Төтенше жағдай туындаған жағдайда бірден «112» нөміріне қоңырау шалу қажет.
Фото: pexels.com