Дауылды ескерту: жел күшейіп, өрт қаупі жоғарылайды

8 мамыр күні Шығыс Қазақстан облысында желдің күшеюі мен өрт қаупінің артуы күтіледі. Бұл туралы “Қазгидромет” ШҚО филиалы хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, жел шығыстан және оңтүстік-шығыстан соғып, күндіз облыстың оңтүстігі мен орталығында екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Сонымен қатар, облыстың солтүстік-батысы мен оңтүстігінде, сондай-ақ Өскемен қаласының өзінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Осыған байланысты тұрғындарға қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау ескертіледі.
Өрт қауіпсіздігі үшін:
• Орман алқаптарына баруды уақытша шектеңіз;
• Құрғақ шөп пен қоқысты жағуға болмайды;
• Балаларға отпен ойнаудың қауіптілігі түсіндірілсін;
• Темекі тұқылын және әйнек сынықтарын көлік терезесінен тастамаңыз;
• Саяжайда су, құм және өрт сөндіргіш секілді құралдар дайын болуы тиіс.
Кез келген төтенше жағдай туындаған жағдайда “101” немесе “112” нөмірлеріне хабарласыңыз.