ШҚО: Үш күн бұрын жоғалған жасөспірім аман-есен табылды

Шығыс Қазақстан / Өскемен 12-06-2025, 16:11

Шығыс Қазақстан облысында 9 маусым күні із-түссіз жоғалып кеткен 15 жастағы жасөспірімді іздеу бойынша ауқымды операция сәтті аяқталды. Көршілес елдің азаматы Александр Коверзин аман-есен табылды, оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

Жасөспірімнің жоғалғаны туралы ақпарат түскеннен кейін облыстағы құқық қорғау органдары дереу әрекет етті. ШҚО полиция департаментінің мәліметінше, іздеуге 500-ден астам қызметкер жұмылдырылған. Іздеу тәулік бойы жүргізілді, барлық мүмкін бағыттар тексерілді, су айдындарының жағалауы, қараусыз қалған ғимараттар, саяжай аумақтары мен орман алқаптары түгел қамтылды.

Операцияға құтқарушылар, әскери қызметкерлер, иттермен бірге кинологтар, сондай-ақ дрондар тартылды. Іздеуге қоғам белсенділері мен еріктілер де қосылды. Азаматтардың белсенділігі ерекше рөл атқарды, жергілікті тұрғындардың бірі әлеуметтік желіден іздеу туралы хабарламаны көріп, ұқсас жасөспірімді байқап қалғанын айтып, оның қай жерде болуы мүмкін екенін хабарлаған.

Іздеудің үшінші күні қараусыз қалған бір ғимараттың ішінен Александр Коверзинді аға лейтенанттар Ермек Исаев пен Қуаныш Әкемеев тапты. Жасөспірімнің айтуынша, ол үйінен әдейі кетіп, біраз уақыт жалғыз болғысы келген. Ол осы уақыттың бәрінде жалғыз өзі сол ғимаратта болған. Абырой болғанда, оның жағдайы жақсы, ол анасына табысталды.

– Кәмелетке толмаған баламен және оның заңды өкілдерімен бұндай жағдайға жол бермеу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізілді, – деді облыстық полиция департаментінің өкілдері.

Полиция ата-аналар мен қамқоршыларды жасөспірімдердің эмоционалдық жағдайына көбірек көңіл бөлуге және олармен сенімді қарым-қатынас орнатуға шақырады.

ШҚО полиция департаменті іздеу жұмыстарына қатысқан барша азаматтарға шынайы алғысын білдіреді. Қызметтердің үйлесімді іс-қимылы мен қоғам қолдауының арқасында қайғылы жағдайдың алдын алып, баланы үйіне аман-есен қайтару мүмкін болды.

Дамир Омаров

Фото: polisia.kz

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар