Өскеменде үш жаңа мәдени-спорттық нысан бой көтереді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бүгін Өскемен қаласында салынатын бірқатар жаңа нысанның жобаларымен танысып, құрылысқа жоспарланған аумақтарды аралады. Аймақ басшысы алдымен Сәтбаев даңғылындағы заманауи әмбебап спорт аренасы бой көтеретін орындағы жұмыстың барысын көрді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Төрт қабатты нысанның бірінші қабатында 5 мың көрерменге арналған шағын футбол аренасы, бассейн, көркем гимнастика залы, дәмхана мен медицина орталығы орналасады. Үшінші қабатта баскетбол және волейбол жаттығу залдары қарастырылған. Жоба бұқаралық спортты дамытуға серпін беріп, әртүрлі деңгейдегі жарыстарды жоғары ұйымдастырушылықпен өткізуге мүмкіндік ашады.
Келесі нысан – Есенберлин даңғылында салынатын жаңа Конгресс-холл. Үш қабатты кешенде жалпы сыйымдылығы 1500 орындық екі концерттік зал болады. Бұл орталықта концерттер, форумдар, фестивальдер, сондай-ақ білім саласына қатысты ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Тәуелсіздік монументінің жанында орналасқан құрылыс алаңының жалпы аумағы — 4 гектар.
Сонымен бірге осы аумақта 500 орындық Мұз сарайы салынбақ. Жаңа кешен аймақта тамыры тереңге бойлаған хоккей спортын, коньки тебу мен мәнерлеп сырғанауды одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл үш нысанның Өскеменде қалыптасып келе жатқан жаңа мәдени-спорттық кеңістіктің негізін қалайды деп атап өтті.
