Өскеменде «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Күршім ауданының мәдени күндері басталды

Усть-Каменогорск 14-11-2025, 15:15

14–15 қараша күндері Өскемен қаласы Күршім ауданының өнері мен қолөнерін, рухани байлығы мен табиғи өнімдерін тамашалайтын үлкен мерекеге айналды. Дәстүрлі «Туған жер – алтын бесігім!» жобасы биыл да аймақ тұрғындарын Күршімнің кең дүниесімен қауыштырды. Облыстық филармония фойесінде ұйымдастырылған тақырыптық көрме қала қонақтарын ауданның тыныс-тіршілігімен жан-жақты таныстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Көрменің эстетикалық ерекшелігі – жеті ауылдық округтің шағын макеті ретінде тігілген киіз үйлер мен олардың қасына қойылған табиғи өнімдер. Әр киіз үйдің ішінен сол өңірдің негізгі кәсібі мен өзіндік бренді жөнінде мол мағлұмат алуға болады.

«Басты мақсат – жергілікті таланттарды насихаттау»

Гала-концерт алдында Күршім ауданының әкімі Мейіржан Әлбеков мерекенің биылғы жаңалығын атап өтті.

— «Биылғы шараның басты ерекшелігі – гала-концертке сырттан ешқандай өнерпаз шақырған жоқпыз, сахнаға тек Күршім ауданының өз өнерпаздары шығады. Басты мақсатымыз – жергілікті таланттарымызды насихаттау. Кештің арнайы қонағы – қазақ эстрадасының өкілі Серікбол Сайлаубек Күршім туралы жаңа әнін ұсынады», – деді аудан әкімі.

Күршім аудандық кітапханасының кітапханашысы Гүлжан Жакупова көрме қонақтарын ауданның жеті округінің ерекшелігімен таныстырды.

 • Абай округі – ірі қара мен ұсақ малға бай, табиғи өнімдерімен танымал.

 • Балықшы округі – атына заты сай балық шаруашылығының орталығы.

 • Қалғұты – қырбық қойымен танылған, сүт өнімдерімен ерекшеленетін өңір.

 • Күршім орталығы – шағын өндірістер шоғырланған аймақ: жергілікті шұжық цехы, ағаш бұйымдары мен ат әбзелдерін жасайтын ұстаханалар жұмыс істейді.

 • Құйған округі – мал және егін шаруашылығымен қатар көмір тасымалдауға маманданған.

 • Сарыөлең – арпа, бидай, тары, күріш өсірілетін ауданның негізгі егіншілік аймағы.

 • Маралды округі – әйгілі маралды балының отаны.

Аманбек Танысбектің «Сайыр» шеберханасы – жас кәсіпкердің жаңа тынысы

Көрмеде ел назарын ерекше аударған ағаш шебері Аманбек Танысбектің қолынан шыққан бұйымдар. Жақында 1,5 млн теңгелік грант жеңіп алып, өз шеберханасын ашқан ол бүгінде есік-терезе, жиһаз, сөре секілді үйге қажетті бұйымдардан бастап, балаларға арналған экологиялық таза ойыншықтарға дейін жасайды.

– Мамандығым да – ағаш шебері. Бұл кәсіпті Монғолиядан оқып келгем. Он үш жылдық тәжірибемді осы кәсіпке арнап жатырмын. Қазақстанға көшіп келгеніме үш жыл болды, – дейді жас қолөнерші.

Балаларға арналған ойыншықтар түгелімен табиғи ағаштан жасалады. Сонымен бірге ұлттық нақыштағы шағын домбыралар, кәдесыйлар, ағаш қорапшалар да көптің сұранысында. Қазір тапсырыстар негізінен ауыл тұрғындарынан түссе, шебер алдағы уақытта Өскемен мен басқа қалаларға да өнім жөнелтуді жоспарлап отыр.

Әсем Жақыпқызы – зердің тілін сөйлеткен шебер

Көрмеде Күршімнің тумасы, бүгінде Өскеменде тұратын Әсем Жақыпқызының қолынан шыққан зергерлік әшекейлер де көпшіліктің көңілін баурады.

– Бұл – менің ермегім, хоббиім. Көбіне жақындарыма жасаймын, – дейді шебер.

Әсемнің қолөнерге келуіне әнші Мақпал Нұрпейісова себеп болған. Сахналық образдарға лайық ерекше әшекейлер сұрағаннан кейін шебердің шығармашылық жолы басталыпты. Қазіргі таңда шекелік, шашбау, сақина, шылбырлық, салпыншақ сияқты ұлттық бұйымдарды толықтай қолдан құрастырады. Бүгін де Мақпал сахнаға Әсемнің қолынан шыққан әшекейлерді киіп шықты. 

Оның алғашқы жұмысы – құрбысы Любовь Александроваға арнап жасаған әшекей – әлі күнге дейін сақтаулы. Әсемнің бұйымдары түрлі байқауларға қатысқан қыздардың образына сән беріп, жүлдегер атануына сеп болған.

«Қалың ел, қара орман Күршім орнында тұр»

Күршім ауданының Құрметті азаматы Бақытхан Өлмесеков туған жеріндегі өзгерістерді тебіреніспен баяндады. 33 жыл мемлекеттік қызметте, оның ішінде 19 жыл әкім, 16 жыл мәдениет саласының басшысы болған ардагер бүгінде аудандық даму қоғамдық қорының төрағасы.

Оның айтуынша, 1990-жылдардағы үлкен көші-қоннан кейінгі қиындықтар артта қалған.

— Он-он екі мың адам көшіп кетті. Бірақ қалың ел, қара орман Күршім орнында, бақуат тірлік кешіп жатыр,— дейді ардагер.

Соңғы жылдары аудан айтарлықтай жаңарып, инфрақұрылым түбегейлі өзгерген. Үйлердің 70–80 пайызына су жүргізілген, көшелер жөнделген, қаңырап бос тұрған үйлер жөнделіп, пайдалануға беріліп жатыр. Бұрынғыдай ауылдан үдере көшу тоқтаған.

Күршім өзеніне салынған көпір – Күршім халқы үшін үлкен тарихи оқиға.

— Былтыр Премьер-министр келіп, көпірді ашып берді. Халықтың жағдайы оңалды. Бұрынғыдай паром тосу жоқ. Таңертең Өскеменге шықсақ, кешке кері қайтамыз, — деп қуана еске алады Бақытхан Фазылұлы.

Күршімдік өнерпаздар жиналған қауымға «Адамзат Абайы » атты облыстық көркемөнерпаздар байқауының концерттік бағдарламасын ұсынды. 

Кеш соңында облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаухан Аухадиев күршімдік өнерпаздарға ыстық ықыласын айтып, жұртшылық атынан алғысын білдірді. Күршім ауданының шығармашылық ұжымдарына облыс әкімі Сақтағановтың атынан ықылас гүлі тапсырылды. Өскемендіктер мен қала қонақтары әсем ән мен күйге бөленіп, керемет бір рухани серпіліп қалды.

Жәрмеңке – Күршімнің мейірімі мен молшылығын паш ететін күн

Күршімнің өнері, табиғи өнімдері, қолөнері мен қонақжайлығы – биылғы мәдени күндердің айрықша келбеті болды.

Ертең, 15 қараша күні Алтай сауда орталығында үлкен аудандық жәрмеңке өтеді. Қала тұрғындары балық, ет және өзге табиғи өнімдерді өндірушілерден тікелей сатып ала алады. Қонақтар үшін киіз үй тігіліп, палау ұсынылады.


Айна Ескенқызы

Фото: Жібек Нұрахмет

Видео: Жәнібек Ырысбай 

Поделиться
0

Комментарии

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Новости ВКО

Новости Казахстана

Мировые новости