Өскеменнің өнімдері шетелде жоғары сұранысқа ие

Усть-Каменогорск 10-11-2025, 15:11

Бүгін облысқа жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова Өскемен қаласында орналасқан «Силумин-Восток» ЖШС-де болды. Сонымен қатар таяуда ғана жаңа өндірісті іске қосқан «ALTAI MAI» зауытында өндірістің жұмыс барысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Силумин-Восток» кәсіпорыны қазіргі таңда тау-кен өндірісіне, энергетика, жылу энергетикасына, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығына, су айдау және сумен қамтамасыз етуге қажетті өндірістік қондырғыларды, түрлі салада сұранысқа ие сорғыларды, датчиктерді, өлшеуіш құралдарды, бекіткіш арматураларды, электротехникалық, өнеркәсіптік суытқыш, өнеркәсіптік автоматтандыру, компрессорлық жабдық және ауамен жабдықтау қондырғыларын, тексеру зертханасын жасап шығарады.

Өңірдегі ірі кәсіпкерлік кәсіпорындардың бірі саналатын «Силумин-Восток» ЖШС-і қазіргі кезде төрт жүзден аса адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Зауыттың жекелеген цехтарының жұмысын вице-министрге кәсіпорынның даму бойынша директоры Наталья Макридина таныстырды.

– 1996 жылы құрылған «Силумин-Восток» өндiрiстiк-инжинирингтiк компаниясы өнеркәсiптiк автоматтандыру, электрмен жабдықтау, жобаны кешендi әзiрлеу және өнеркәсiптiң түрлi секторларына арналған жабдықтарды жеткiзу өндiрiсi саласында Қазақстанда жетекшi орынға ие. Компания әйгілі шетелдік Schneider Electric, General Electric, SIEMENS, Rockwell Automation, Danfoss, WonderWare, Endress Hauser, KAESER Kompressoren, SAER Elettropompe сияқты әлемдік жабдық өндірушілердің сертификатталған дистрибьюторы саналады және басқа да көптеген жобаларды өз базасында табысты іске асырып келеді. Мұнда жылына жүзден астам дайын жоба әзірленеді, – деді Наталья Александровна.

Қоса кетейік, елуден астам тұрақты корпоративтік тапсырыс берушісі қалыптасқан «Силумин-Восток» базасында өндірілген құрал-жабдықтар мен қондырғылар елімізден бөлек көршілес Ресей Федерациясында, Қырғызстанда, Еуропа елдерінде үлкен сұранысқа ие. Дайын өнімдер тапсырыспен Гренландияға да жеткізілген.

Кәсіпорынның жұмыс қарқынына көңілі толатындығын жеткізген вице-министр алдағы уақытта да осы қарқынды жоғалтпауды, бірінші кезекте сапаға басымдық беруді тапсырды.

Күнбағыс майының сексен пайызы экспортқа шығарылады

Келесі ретте вице-министр Жанель Сабырқызы облыс орталығындағы Абай даңғылының бойында орналасқан, өндіріс циклі екі апта бұрын ғана іске қосылған іргелі кәсіпорын «ALTAI MAI» ЖШС-нің базасында болды.

Майлы дақылдарды қайта өңдеу бойынша толық циклді заманауи көпдақылды май экстракциялау зауытының бас директоры Жәнібек Бақаевтың айтуынша, жұмысын енді бастаған жаңа зауыт тәулігіне 500 тонна шикізатты терең өңдей алады.

Өңір аудандары мен көршілес Абай, Павлодар, Қостанай облыстарынан қабылданатын күнбағыс дәні мұнда бірнеше циклді толық өндеуден өтіп, тазартылған күнбағыс майы бір және бес литрлік дайын пластик ыдыстарға құйылады. Зауыт аумағында шекілдеуік кептіретін элеватор, шикізат сақтайтын алып қойма және сапалы дайын майды сақтайтын цистерналар да орналасқан. Май әзірлейтін қондырғылар көрші Ресейден жеткізілген.

– Дайын өнім көрші Қытай Халық Республикасына, Орталық Азия елдеріне экспортталады, болашақта Еуропа елдері де жоспарда бар. Қазақстандық майдың негізгі шетелдік сатып алушысы – Қытай. Қытайға экспорт алты есе, Ауғанстанға май экспорты бес есе өсті. Жаңа өткізу нарықтары да пайда болды. Мәселен, Түркия, Иран, Үндістан, Әзірбайжан мемлекеттері. Тізімде Грузия да бар. Зауытта екі ауысымда тәуліктік режиммен 310 жұмысшы істейді. Болашақта рапсты да өңдеу, штатты көбейту жоспары бар, – деді зауыттың бас директоры.

Компания басшылығы сыртқы нарыққа өндірілетін өнімнің 80%-на дейін сатуды жоспарлап отыр. Ішкі нарықта өнімнің 20 пайыздан аспайтын бөлігі сатылмақ. Қазір өнімді Орталық Азия өңіріне өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр.

Өндірістің ерекшелігі – технологияның мүлде қалдықсыз жұмыс істеуі. Май толық сығылып алынғасын, алғашқы қалдықтан жем (шрот) дайындалып, ауылшаруашылық саласындағы мал, құс өсіруші фермерлерге сатылады.

– Ал ең соңғы қалдық – шемішке қабығы кәсіпорынды жеткілікті бумен қамтамасыз ету үшін отын ретінде осындағы қазандыққа пайдаланылады. Атап өтерлігі, шекілдеуіктің отын түріндегі қалдығы толық жанып кететіндіктен, қазандықтан ауаға бөлінетін қалдық та өте аз мөлшерде бөлінеді әрі көмірге қарағанда жылуды да мол береді. Қазір Өскеменде май сығатын үш кәсіпорын бар. Біз бір-бірімізбен бәсекелес емес, керісінше серіктестерміз. Біздің зауыт үлкендігі жағынан Қазақстандағы сегіздікке кіреді, – деді «ALTAI MAI» ЖШС-нің жалпы мәселелер бойынша директоры Азамат Нұразқанов.

Вице-министр Жанель Кушукова өз кезегінде зауыт жетекшілерінен шаруаны ұйымдастыру, дайындалған өнімді сақтау, шетелге шығару жұмыстары қалай атқарылатынын сұрастырды. Кәсіпорын жұмысын енді бастап жатққандықтан, халыққа кеңінен насихаттау, дайын өнімді жарнамалау жағына баса екпін түсіру керектігін айтып, бұл ретте өңірлік, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара бірлесе жұмыс істеуді тапсырды.

– Бүгін Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарыммен келудегі басты мақсатым – өңірдің бизнес саласы өкілдерімен кездесу. Облыстың даму қарқыны белсенді, өндірісте, өнеркәсіпте саудада, кәсіпкерлікте, сыртқы саудада көрсеткіштер жақсы. Өскемен қаласында орналасқан «Силумин-Восток» ЖШС-гі мен жаңа өндіріс «ALTAI MAI» ЖШС-гі зауытында болып жұмысымен таныстым. Екеуі де толық циклді кәсіпорындар. Жұмыстары нақты жолға қойылған. Алғашқысы электротехникалық бұйымдар, бекіткіш арматураларды, өзге де қондырғыларды жоғары дәлдікпен, берік сапамен шығарады. Көңілімізден шыққаны рас, кәсіпорынға өз тарапымыздан қолдау көрсетуге дайынбыз. Ал мына «ALTAI MAI» зауытының болашағына да үлкен сенім бар. Өнімді еш қалдықсыз өндіретіні қуантты. Бұл әсіресе, экологиясына көп сын айтылатын Өскемен қаласы үшін үлкен маңызға ие. Ендігі кезекте, еліміздің Шығысында осындай тың жобалардың барлығын республика көлемінде насихаттау, таныту керек. Бизнес өкілдерімен кездесу барысында да аталған мәселелер, облыстың ішкі, сыртқы сауда байланысы, Ресей, Қытай секілді ірі көршілермен экономикалық байланысты тереңдету жөнінде айтылатын болады. Біз өз тарапымыздан қолдауға әзірміз, – деді Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Жанель Кушукова.


Дәурен Аллабергенұлы 

Фото: Жібек Нұрахмет;

Поделиться
0

Комментарии

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Новости ВКО

Новости Казахстана

Мировые новости