Өскемен немен «тыныстап» отыр?

Усть-Каменогорск 16-11-2025, 17:44

Өскемен қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде қалалық қызметтер, өндіріс орындары мен экологиялық ведомстволар үйлесімді әрекет етеді. Билік өкілдері ауа сапасына бақылауды күшейтеді, кәсіпорындар уақытша өндіріс қуатын азайтады, ал облыстық экология департаментінің мамандары тұрақты түрде өлшеулер жүргізіп, нормативтердің сақталуын тексереді. Қаланы қоршаған таулар, тұман мен желсіздік сияқты табиғи ерекшеліктер ластаушы заттардың таралуын қиындатқанына қарамастан, жағдай бақылауда тұр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

АУАҒА ШЫҒАТЫН ҚАЛДЫҚТАРДЫҢ ҚҰРЫЛЫМЫ ҚАНДАЙ?

Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар (ҚМЖ) – атмосферада желдің болмауы, тұман немесе ауаның инверсиясы салдарынан ластаушы заттардың таралуы төмендейтін кезеңдер. «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан облыстық филиалының мәліметінше, өңірдің географиялық ерекшеліктері мұндай жағдайлардың жиілеуіне себеп болуда. Қала таулармен қоршалған ойпатта орналасқан. Бұған қоса, мұнда екі өзен ағып өтеді, сондықтан тұрғындар кәдімгі тұманды ауаның ластануымен жиі шатастырады. Осындай күндердің бірінде «Қазгидромет» мамандары жағдайды түсіндірді.

– Біз «тұман» мен «дымқыл бұлт» құбылыстары туралы айтып өткіміз келеді. 25-26 қазан күндері жылы ауа райы сақталды, ал оның артынан суық фронт келді, – деді «Қазгидромет» РМК Шығыс Қазақстан және Абай облыстары бойынша филиалы метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Любовь Бухтоярова. – 27-28 қазанда облыс аумағында жаңбыр жауды, артынша тұрақты суық антициклон орнықты, яғни салқын әрі ылғалды ауа массасы қалыптасты. Ауа температурасының төмендеуі, жоғары ылғалдылық пен желсіздік нәтижесінде жерге жақын ауа қабатында су буы конденсацияланды.

Маманның айтуынша, сол күні қалада тұман мен дымқыл бұлт байқалған.

Шығыс Қазақстан облысы экология департаментінің деректеріне сәйкес, Өскемен қаласында атмосфералық ауаны ластаудың негізгі көзі – автокөлік. Оның үлесі жылына 92 844 тоннаны немесе 58,9 пайызды құрайды.

Екінші орында – өнеркәсіп орындары. Олардың шығарындылары – жылына шамамен 50,6 мың тонна, яғни 32 пайыз. Соның ішінде шағын және орта бизнеске тиесілі қазандықтар үлесіне 5 690 тонна немесе 10 пайыз тиесілі.

Жеке сектордағы тұрмыстық пештерден жыл сайын шамамен 14 100 тонна шығарындылар бөлінеді, бұл да – жалпы көлемнің шамамен 10 пайызы.

Осылайша, қала атмосферасына түсетін жүктеме бірнеше фактордың әсерінен қалыптасады: көлік қозғалысының қарқындылығы, өндіріс нысандарының жұмысы және тұрғын үй секторында көмірдің маусымдық пайдаланылуы.

БАРЛЫҒЫ ШЕКТІ ДЕҢГЕЙДЕ

Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезеңінде қаланың өндіріс орындары жұмыс көлемін азайтып, шығарындыларды барынша төмендету шараларын жүзеге асырады.

«Өскемен жылу электр орталығында» (ЖЭО) шығарындыларды азайту бойынша іс-шаралар кешені жүргізіледі: нақты жүктеме номиналды деңгейден 35 пайызға төмендетіледі. Станциядағы негізгі №3 мұржаға автоматтандырылған мониторинг жүйесі орнатылған, ол деректерді онлайн режимде жіберіп отырады.

Кәсіпорын өкілдерінің айтуынша, ЖЭО мұржасы қазандықтарда отын жағу кезінде пайда болатын түтін газдарын шығару үшін арналған. Биіктігі 180 метр болатын мұржа газдардың ауада барынша таралуын қамтамасыз етіп, жерге жақын қабатқа әсерін азайтады. Әрбір қазандық агрегаты 99 пайыздан жоғары тиімділікте тазарту жүргізетін заманауи күлұстағыш қондырғылармен жабдықталған.

– Тазарту процесі су арқылы жүзеге асырылады, сондықтан мұржалардан шығатын көрінетін будақтар – негізінен су буы. Суық маусымда ол конденсация салдарынан ерекше байқалады. Қазандықтарды жағу кезінде мазут пайдаланылады, сол себепті қысқа уақытқа түтін қоюланып кетуі мүмкін, алайда негізгі отын түріне ауысқанда шығарындылар тұрақтанады, – деп түсіндірді «Өскемен ЖЭО» баспасөз қызметі.

Сондай-ақ кәсіпорында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ең озық қолжетімді технологиялар қолданылатыны және шығарындыларға тұрақты өндірістік бақылау арнайы аккредиттелген зертханада жүргізілетіні атап өтілді.

«Казцинк» компаниясы мен облыстық экология департаменті арасында жасалған меморандум аясында кәсіпорын өз өндірістік алаңдарына эколог мамандардың ашық кіруін қамтамасыз етеді. Мәселен, 23 қазан күнгі ҚМЖ кезінде экологтар металлургиялық кешендегі зиянды қалдықтар көзін тексеріп, тиісті өлшеулер жүргізді. Нормативтердің бұзушылықтары анықталған жоқ.

Компания өндіріс қуатын төмендету жөніндегі міндеттемелерін орындайды. Қазан айындағы ҚМЖ күндері жалпы өндіріс көлемі 20 пайызға, ал мырыш зауытында жоспарлы-профилактикалық жұмыстарға байланысты 50 пайызға дейін азайтылды.

Кәсіпорындар мен экологиялық қызметтердің бірлескен жұмысы атмосферада ластаушы заттардың таралуы қиындайтын кезеңдерде техногендік жүктемені азайтуға бағытталған.

ӨЛШЕУЛЕР МЕН НӘТИЖЕЛЕР

Қаладағы ірі өнеркәсіптік кәсіпорындармен өзара іс-қимыл туралы меморандум аясында қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде (ҚМЖ) ақпарат алмасу және алдын алу шараларын қабылдау бойынша бірлескен жұмыс жүргізіледі, оған «Казцинк», «Өскемен ТМК», «ҮМЗ», «Өскемен ЖЭО», «Согра ЖЭО», «Шығыс Жылу», «Востокмашзавод» және «Өскемен май зауыты» сияқты кәсіпорындар қол қойған.

23 қазан күнгі анықтамаға сәйкес Өскемен тұрғындарын ҚМЖ ерекше алаңдатқан күні облыстық экология департаментінің сынақ зертханасы мен кәсіпорындардың зертханалары бірігіп, санитарлық-қорғау аймақтарында бірқатар мекенжай бойынша атмосфералық ауа сынамаларын алды.

Атмосфералық ауаны сынау хаттамаларына сәйкес, Рабочая көшесі мен теміржол өткелінде шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) асу анықталған жоқ. Ал Бажов көшесі, 68 мекенжайында күкіртсутек бойынша үш рет артық мән тіркелген.

– Осыған байланысты қала әкімдігіне қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылдау туралы ұсыным хат жолданды. Атмосфералық ауаны бақылау жоспарлы режимде жалғасуда, – деп хабарлады облыстық экология департаменті.

Сонымен қатар мамандардың айтуынша, қазан айының соңғы күндеріндегі қою тұман, жоғары ылғалдылық пен желсіздік ластаушы заттардың таралуына кедергі келтіріп, автокөліктерден, үйлердің пештерінен және өнеркәсіп орындарынан шығатын шығарындылардың жергілікті деңгейде шоғырлануына әсер етуі мүмкін.

ӘРЕКЕТ ЕТУ АЛГОРИТМІ ӘЗІРЛЕНДІ

ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Өскемендегі ҚМЖ жағдайына арналған брифинг өтті. Іс-шараға қала әкімі Алмат Ақышов, облыстық экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Әсет Сүлейменов, білім және денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, экологиялық ұйымдар мен «Қазгидромет» облыстық филиалының мамандары қатысты.

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов жағдай тұрақты бақылауда екенін атап өтті. ҚМЖ кезінде өнеркәсіптік кәсіпорындармен өзара іс-қимыл ұйымдастырылып, олар өндіріс жүктемесін азайтады және технологиялық процестерді реттейді. Әкімнің айтуынша, ауа сапасына тек өндіріс емес, қаладағы автокөлік санының артуы мен жеке секторда көмірдің қолданылуы да айтарлықтай әсер етеді. Экологиялық мониторинг нәтижелері бойынша көрсеткіштердің басым бөлігі нормадан аспаған.

«Өскемен тынысы» экологиялық қорғау бюросының басшысы Елена Березинская-Абилова ҚМЖ кезеңінде экология департаменті мамандары «Казцинк» және «Өскемен ЖЭО» сияқты ірі кәсіпорындарда ауа сапасын өлшеу жүргізетінін растады және тұрғындарды тұрмыста экологиялық мәдениетті сақтауға шақырды.

Сондай-ақ, ол тұрақты ҚМЖ жағдайында мектеп оқушыларын қашықтан оқытуға көшіру алгоритмі әзірленгенін еске салды. «Қазгидромет» анықтамасы негізінде білім бөлімі мамандары қала әкімдігіне жүгініп, оқу процесін онлайн форматқа көшіру туралы шешім қабылдай алады.

ЖҮЙЕЛІ ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНҒАН

Өскемендегі ауа сапасының нашарлауы мәселесі облыс деңгейінде басым бағыт ретінде қарастырылып отыр. ШҚО әкімдігінде ауаның ластануына жедел ден қою алгоритмі әзірленген.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаевтың мәліметінше, экология департаментін жылжымалы зертханамен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. «Қазақстан Халық банкі» мен «Топан» компаниясы арасында 65,5 млн теңге тұратын «ГАЗель» базасындағы мобильді экомониторинг станциясын жеткізу туралы келісім жасалған. Станция қараша айында Өскеменге жеткізіледі деп күтілуде.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасы бойынша қоршаған ортаны қорғауға арналған екі жылдық іс-шаралар жоспары әзірленді, ол 27 тармақтан тұрады. Қала әкімінің орынбасары Ирина Смит пен «Өскемен тынысы» бюросының жетекшісі Елена Березинская-Абилова Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте бұл жоспарға кәсіпорындармен кешенді өзара іс-қимыл, мониторинг желісін кеңейту және халықтың ақпараттану деңгейін арттыру шаралары енгізілгенін атап өтті.

Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов ҚМЖ кезінде нақты іс-қимыл алгоритмін әзірлеуді және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Бұл ауа сапасы мен оны жақсарту бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпараттың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

– Облыс әкімдігі, ірі кәсіпорындар, экология департаменті, төтенше жағдайлар департаменті және «Қазгидромет» РМК арасында экология саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат ауқымды, онда әр мемлекеттік органның іс-қимыл тетігі нақты көрсетілген. Қазір біз оның мазмұнын тұрғындарға барынша түсінікті түрде жеткізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз, – деді Елена Березинская-Абилова.

Мемлекеттік құрылымдардың, өнеркәсіп орындары мен қоғамдық ұйымдардың бірлескен іс-қимылы тіпті қолайсыз метеожағдай кезеңдерінің өзінде жағдайды бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.

Тұрақты мониторинг, өндірістік жүктемені азайту, тазарту жүйелерін техникалық жаңғырту және ашық деректер экологиялық жағдайды біртіндеп жақсартуға негіз қалайды.

Сонымен қатар облыс билігі шығарындыларды азайту және қаланың климаттық әрі метеорологиялық ерекшеліктеріне бейімделу бағытындағы жұмыстың жүйелі және үздіксіз жүргізілуі қажет екенін ерекше атап отыр.



Алёна Мирославская

Ержан Әбіш

Поделиться
0

Комментарии

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Новости ВКО

Новости Казахстана

Мировые новости