Сазгер Талғат Әбішев: – Африкалықтар домбыраны тез меңгеріп алды

Усть-Каменогорск / ВКО / Казахстан / Мир 27-04-2025, 09:05

Еліміздегі түрлі этностардың арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңызы зор. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақтың рухани-мәдени құндылықтарына, оның ішінде музыкасына деген сүйіспеншілігі ерекше байқалып келеді. Әсіресе, төл аспабымыз – домбыра өзінің ерекше үнімен әлемге кеңінен таныла бастады. 

Еліміздегі түрлі этностардың арасындағы достық пен ынтымақтастықтың маңызы зор. Бүгінде өзге ұлт өкілдерінің қазақтың рухани-мәдени құндылықтарына, оның ішінде музыкасына деген сүйіспеншілігі ерекше байқалып келеді. Әсіресе, төл аспабымыз – домбыра өзінің ерекше үнімен әлемге кеңінен таныла бастады.

Өткенде домбыраны күмбірлете шертіп отырған қара нәсілді азаматтардың видеосы әлеуметтік желіде кеңінен таралып, көпшіліктің назарын аударғаны бар. Бұл ерекше көрініс ұлттық мәдениетіміздің бірегейлігін тағы бір мәрте дәлелдегендей болды. Бейнероликтегі домбыраның әуені мен шетелдіктердің шеберлігі талайды таңқалдырғаны сөзсіз. Әріптестеріміз де бұл туралы жарыса жазды. Алайда аталған жігіттерге домбыра шертуді үйреткен өскемендік музыкант, сазгер Талғат Әбішевтің бұл еңбегі тасада қалғандай көрінді. Сондықтан Бірлік күні қарсаңында Altainews.kz тілшісі қазақтың қара домбырасын дәріптеп жүрген ұстаздан сұхбат алған еді.

– Талғат Асылханұлы, сіздің өміріңіздегі домбыраның орны қандай? Домбырамен алғаш қалай таныстыңыз? 

– Мен Ұлан ауданының Жоғарғы Тайынты ауылында дүниеге келгенмін. Сол жерде біздің Әбішевтер отбасылық ансамбліміз болды. Әке-шешемнің қасында жүріп, алты жасымда, бірінші сыныпқа барған кезімде, әкемнің домбыра тартқанын көріп қызығып, алғашқы домбыраны сол кісіден үйрендім.

Кейін Мамай ауылына көшіп бардық. Сол уақытта мен Өскемендегі Ленин атындағы мектеп-интернатта оқыдым. Сол интернатта Қанайбек Алдашев ағамыз ансамбль ұйымдастырып, мен сол ансамбльде домбыра тартуды жалғастырдым. Ол кісі маған көптеген күйлерді үйретті. Сонымен қатар отбасылық музыкалық тәрбиемді ескеріп, музыка мектебінде бір жыл ғана оқығаныма қарамастан, үлкен қолдау көрсетті. Қанайбек Тәжібайұлы басқа жаққа ауысса да домбырадан қол үзбедім. Университетте оқығанда негізгі аспабым баян болса, домбыра қосымша аспап ретінде жүрді.

Кейіннен «Мұрагер» бағдарламасы аясында балаларға домбыра үйретуді қолға алдық. Абдулхамит пен Сайра Райымбергеновтер сынды ұстаздардан балаларға домбыра шертуді, нотамен жұмыс істеуді үйретудің әдістемесін меңгердік. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт бойы балаларға домбыра үйретіп келемін.

– «Мұрагер» бағдарламасының басты ерекшелігі неде? Неге дәл осы әдісті таңдадыңыз? Домбыраны нотасыз үйрету жүйесі балалар үшін қаншалықты тиімді?

– «Мұрагер» бағдарламасының басты ерекшелігі – оның авторы Абдулхамит Райымбергеновтің арнайы дайындаған авторлық әдістемесінде. Бұл кісі Құрманғазы, Тәттімбет, Мәди сияқты бұрынғы ұлы күйшілеріміздің дәстүрін жалғастырып, нотасыз, яғни есте сақтау қабілеті арқылы, көзбен көріп, құлақпен естіп үйренетін әдісті қолданған.

Бағдарламаның тағы бір артықшылығы – балаларды алдын ала іріктемей, сынып бойынша түгел қабылдап, бірден күй үйретуге көшуінде. Яғни, бір сыныпты толық қабылдап, ішінен тек дарынды балаларды таңдамаймыз. Бірінші сыныптан бастап жетінші сыныпқа дейінгі аралықта тек домбыра тарту ғана емес, аңыз күйлер мен олардың шығу тарихы, күйші өмірі сияқты тақырыптар да қамтылады. Балаларға әр күйдің шығу тарихын әңгімелей отырып, оның мағынасын түсіндіре отырып үйретеміз.

Бағдарламада әр сыныпқа бір күй және екі әннен жоспарланған. Әрине, барлық бала бірдей тез меңгеріп кете алмайды. «Бес саусақ бірдей емес». Кей балалар тез қабылдайды, кейбіреулерге көбірек уақыт қажет. Бірақ біз ешкімді шектемейміз. Барлық баланы қатар алып жүреміз. Мысалы, биыл бір бала күйді ойнай алмаса, келесі жылы қолы жүре бастайды. Үшінші жылы жақсы шертетіндер қатарына қосылып, төртінші жылы үздік орындаушылардың біріне айналуы мүмкін.

Егер сол сәтте балаға «сенің қолыңнан келмейді» деп тосқауыл қойсақ, ол баланың домбыраға деген қызығушылығы мүлде жоғалуы мүмкін. Сол себепті әр баланы ынталандырып, қатарда ұстау – бұл бағдарламаның ең тиімді тұстарының бірі.

– Сіз сабақ берген оқушылардың ішінен ерекше есте қалған, елге танылған шәкірттеріңіз бар ма? 

– Әрине, сабақ берген оқушыларым көп. Домбыра үйретіп келе жатқаныма жиырма жылдай уақыт болды. Алғашқы жұмысым №3 мектептен басталды. Қазірге дейін №1, №24, №47 мектептерде, сондай-ақ «Нұрорда» мектебінде де балаларға домбыра үйреттім.

Көп бала домбыра үйреніп шықты, нақты саны есімде жоқ. Көбі жетінші сыныпқа дейін жақсы ойнайды, ал сегізінші, тоғызыншы сыныптан кейін жалғастыра ма, жоқ па – ол жағы әр баланың өз ынтасына байланысты. Дегенмен музыкалық училищеге түсіп жатқан оқушыларым бар.

Оқушылардың ішінде ерекше қабілетті, талантты балалар да болды. Мысалы, Асанәлі деген шәкіртім бар, былтыр «Нұрорда» мектебін бітірді. Тағы бір оқушым – Санжар биыл университетке түсті. Бұл балалар республикалық деңгейдегі байқауларға қатысып, бас жүлделерді иеленді.

– Қазіргі кезде Өскеменде және өңірлерде «Мұрагер» бағдарламасымен жұмыс істейтін домбыра сыныптарының көбеюі нені білдіреді?

– Иә, қазіргі уақытта көптеген мектептерде бұл бағдарлама қолданысқа енді. Ал сол кезеңде Өскеменде тек №16 және №20 мектептер ғана жұмыс істейтін. Алғаш рет «Мұрагер» бағдарламасымен домбыра сабағы №16 мектепте өткізілді. Сол мектепте өткен семинарға қатысып, домбыра үйретудің әдіс-тәсілдерін көріп, өзім жұмыс істейтін №3 мектепке енгізуді ұйғардым. Ол кезде мен мектепте музыка пәнінен сабақ берумен қатар, тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарып жүрдім.

Директорым да бұл бағдарламаның қазақ балалары үшін қажеттілігін түсініп, біз қаламыздағы екінші мектеп болып осы бағдарламаны қолға алдық. Сол кезден бастап домбыра үйретуді №3 мектепте бастадым. Кейін семинарлар ұйымдастырып, басқа қазақ мектептеріне де «Мұрагер» бағдарламасын таратуды қолға алдық. Бүгінгі таңда Өскемендегі бірқатар қазақ мектебінде бұл бағдарлама негізінде жұмыс жүргізіліп жатыр.

Өзім еңбек ететін «Жұлдыз» өнер мектебінде де домбыра мұғалімдері осы бағдарламамен сабақ беріп келеді. Әсіресе атап өткім келетіні – сол мектептің директоры Дархан Қасенов. Ол кісі «Мұрагер» бағдарламасының жалпы білім беретін мектептер үшін маңызын түсініп, Павлодарда өткен семинарға қатысып келген соң, өңірімізде бастамашы болды.

Сондай-ақ бұл бағдарламамен Самар ауданындағы Амангелді ауылында Барбосынова Жұлдыз деген әріптесім жұмыс істеп жүр. Зайсан ауданына қарасты Қаратал орта мектебінде де саба0тар жүргізілуде. Глубокое ауданында жалғыз қазақ мектебі – Оралхан Бөкей атындағы мектеп бар. Сол ауданның білім бөлімінің басшысы Сәрсен Өтепов мырза осы бағдарламаны енгізуге ұсыныс білдіріп, бүгінде бір қазақ және бір орыс мектебінде «Мұрагер» бағдарламасы бойынша жұмыс басталды. Аяулым есімді қарындасым сол жерде домбырадан сабақ беріп жүр. Үнемі хабарласып, тәжірибе алмасып отырамыз, бағыт-бағдар көрсетіп тұрамын. Қазір бағдарлама жақсы нәтиже беріп, өз арнасын тауып келеді. Қолдану аясы кеңейіп жатыр.

 «Гүлдер» әнін екі-ақ айда үйреніпті

– Сонау Африкадағы Уганда елінен келген азаматтар – Николас Каемба мен Алиу Муантагаға домбыра үйреткеніңізді былайғы жұрт жақсы біледі. Шетелдік азаматтарға қазақтың ұлттық аспабын меңгертуде қандай қиындықтар болды? Ағылшын тілін білмегеніңіз кедергі келтірді ме, әлде керісінше жаңа бір тәжірибе болды ма?

– Иә, «Нұрорда» мектебінде жұмыс істеп жүрген кезімде екі африкалық ұстаздың домбыра сабағына қызығушылық танытқаны байқалды. Сабаққа қатысып отырғандағы көзқарастарынан-ақ домбыраға деген ерекше ықыластарын байқадым. Сол кезде оларға ұсыныс жасадым «Үйретейін бе?» деп. Қуана келісті.

Содан кейін аптасына бір рет жиналып, домбыра үйрене бастадық. Әрине, тіл мәселесі мен үшін аздап қиындық тудырды. Себебі екеуі де ағылшын тілінде сөйлейтін, акценттері де әртүрлі. Сол себепті үйрету жеңіл болу үшін халық әні – «Гүлдер» әнінен бастадық. Әннің сөздерін WhatsApp арқылы жіберіп отырдым. Алдымен ән мәтінін жаттады. Содан кейін әнмен бірге орындау әдісін көрсеттім. Екі айдың ішінде «Гүлдер» әнін толық үйреніп алды. Осы еңбектеріміздің нәтижесін түрлі БАҚ-тар жарыса жариялады.

Кейін «Тепенкөк» күйінің бастауыш бөлігін үйреттім. Қазіргі кезде ол мектептегі жұмысымнан кетіп қалғаныма қарамастан, олар әлі де домбыраны үйреніп жүр. Қазір Еділ есімді ұстаз ақырындап әрі қарай оқытып жатыр. Тіпті «Келіншек» күйін ақырын ойнап жатқандарын да естіп жатырмын. Бұл – нағыз ықыластың, ұлт аспабына деген шынайы құрметтің белгісі.

– Домбыра үйреніп жүрген өзге де шетелдік азаматтар бар ма? Осы үрдіс жалғасып жатыр ма?

– Жоқ, биылға домбыра үйретуді аздап тоқтата тұруға тура келді. «Нұрорда» мектебінде жұмыс істеген кезімде бастамасын бастап беріп едім. Әрине, бұл мектепте тек қазақ балалары ғана емес, басқа ұлт өкілдерінің де домбыраға қызығушылық танытқанын ерекше атап өткім келеді.

Мәселен, Гречухин Даниил мен Саша есімді ұлдар және Ясина деген қызымыз домбыраны өте жақсы меңгерген, талантты оқушылардың қатарынан болды. Олар күйді нақышына келтіріп орындай білді. Өкінішке қарай, бүгінгі таңда бұл балалар басқа жаққа кетіп қалды. Дегенмен, олардың домбыраға деген ынтасы мен шеберліктері жадымда.

– Сіздің ойыңызша, қазақтың ұлттық музыкасын шетелдіктер неге жақсы қабылдайды?

– Қазақтың ұлттық өнеріне шетелдіктердің ықыласпен қарап, жақсы қабылдауы қуантарлық жағдай. Әсіресе, «Нұрорда» мектебінде жұмыс істеген африкалық ұстаздардың қызығушылығы ерекше болды. Бұл кісілер Өскеменге келісімшартпен төрт-бес жылға келген екен. Бұған дейін Қырғызстанда қызмет атқарған.

Николас есімді ұстаздың айтуынша, қай елде жүрсе де, сол елдің салт-дәстүрін құрметтеуге тырысады. Наурыз мерекесінде Николас қазақтың «Қара жорғасын» билеп, ұлттық мейрамға ерекше ықылас танытты. Жалпы, Африка елдерінен келген азаматтардың музыкаға деген қабілеттері жоғары екенін байқадым. Барабан мен дауылпазды шеберлікпен соғуы, ырғақты дәл ұстауы олардың бойында музыкалық естудің жақсы дамығанын көрсетеді. Әуенді тез қабылдап, жаттап алады.

Дегенмен менің ойымша, олар өз елдеріне қайтып кеткенде Қазақстанда болған күндерін ұмытпай: «Біз қазақ елінде болдық. Қазақтың салт-дәстүрін, ұлттық биін, қонақжайлығын көрдік. Ұлттық аспап – домбыраны үйрендік. Бізге өз еркімен, шын ниетпен үйреткен ұстазымыз болды» деп айтып жүретін болады. Екеуі өздері жеке домбыра сатып алды. Бұл қазақ мәдениетін шетелге танытудағы тағы бір игі қадам деп есептеймін.

 1 мамыр күні Өскеменде екі жүз бала күй шертпек

– Болашақта өзіңіз армандайтын бір жобаны жүзеге асыру мүмкіндігі болса, ол қандай болар еді?

– Әрине, болашаққа жоспар көп. Осыдан он жыл бұрын-ақ «Мұрагер» бағдарламасының авторы үлкен арманын айтқан еді. Алматы қаласындағы стадионда екі мың баланы біріктіріп, бүкіл қазақ еліне домбыраны паш етсек деген мақсат болған. Өкінішке қарай, ол арманға толық жете алмадық.

Бірақ сол 2004 жылы Өскеменде жаңа қазақ драма театры ашылған кезде біз бір үлкен қадам жасадық. Қаланың әр түкпірінен жиналған бес жүз баланы біріктіріп, сахнада бір мезгілде күй тартқыздық. Ол кезде бұл оқиға теледидардан көрсетіліп, елдің назарын аударған еді.

Жуырда Астана қаласында әлемдік рекорд жасалды. Екі жарым мыңнан астам бала бірге күй орындап, домбыраны дәріптеді.

Арманым – домбыра шертуді әр балаға үйрету. Мейлі, ол ертең қарапайым жұмысшы болсын, мейлі мұғалім болсын, мейлі басқа бір маман иесі болсын – ең бастысы, домбыра үні жүрегінде жатталып қалса екен. Шетелде жүрсе де, елден жырақта жүрсе де, қазақ екенімізді тілімізбен, өнерімізбен, осы қара домбырамен дәлелдей алсақ, бұдан артық арман жоқ.

Әрине, бәрі кәсіби домбырашы болсын деген мақсат жоқ. Бірақ бас қосылған жерде домбыра шертіп, бір күймен елін еске түсіріп отырса – сол жетістік. Кім біледі, бүгінгі балалардың арасынан ертең Димаштай әлемді мойындатқан бір талант шықса, немесе Нұрғиса Тілендиевтей дара тұлға өсіп шықса, сол бала бір сәтте: «Осы жолды маған алғаш үйреткен Талғат ағай еді» – деп айтса, мен үшін одан асқан бақыт жоқ. Арман деген – осы. Сол арманның оннан біріне жетсек те, шүкір деймін.

– Қазақстан халқының бірлігі күніне орай тілегіңізді айтсаңыз.

– Елімізде тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатқан жүз отыздан астам ұлт пен ұлыс өкілдері ауызбіршіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Біз де осы мерекеге өз үлесімізді қосып жатырмыз. Білім басқармасы және Өнер мектебінің бастамасымен 1 мамыр күні Халифа Алтай мешітінің алдындағы алаңда екі жүз бала бір мезгілде күй орындамақ. Қазір осы шараға қызу дайындық жүріп жатыр.

Көздегеніміз – балалардың өнерін халыққа паш ету. Бұл – бірлікті нығайтатын, рухты көтеретін маңызды шара. Келе жатқан мереке құтты болсын!

– Рақмет! Еңбегіңіз жана берсін!

Поделиться
0

Комментарии

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Новости ВКО

В Восточном Казахстане начался селеопасный период
Аким Восточно-Казахстанской области: семьям погибших рабочих в Улкен Нарыне будет оказана всесторонняя помощь и поддержка
Аким Восточно-Казахстанской области: семьям погибших рабочих в Улкен Нарыне будет оказана всесторонняя помощь и поддержка
На месте трагедии в районе Улкен Нарын находится аким ВКО

Новости Казахстана

В Казахстане сократилось число уголовных экологический правонарушений
В Казахстане пройдет конкурс для журналистов «Мемлекеттік тіл және БАҚ
Как Казахстан отдохнет на Курбан-айт
Казахстан планирует провести 40 международных спортивных турниров до конца 2025 года

Мировые новости

Сазгер Талғат Әбішев: – Африкалықтар домбыраны тез меңгеріп алды
Трамваи временно не ходят: с 25 по 27 апреля движение заменят автобусы