ШҚО-да АИТВ-инфекцияның жаңа жағдайлары азайып келеді

ШҚО-да АИТВ-инфекцияның таралуы біртіндеп төмендеп, тұрақты оң үрдіс қалыптасуда. Облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес орталығының дерегінше, 2025 жылдың он айында 251 жаңа жағдай тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 31 жағдайға аз. Бұл туралы ШҚО ЖИТС орталығының бас дәрігері Салтанат Фатихова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
Бүгінде облыс бойынша ЖИТС орталықтарында АИТВ-пен өмір сүретін 3366 адам диспансерлік есепте тұр. Олардың ішінде 2061 ер адам, 1305 әйел және 15 жасқа дейінгі 25 бала бар.
Жаңа жағдайлардың басым бөлігі Өскемен қаласында анықталған — 105 адам. Сондай-ақ Алтай ауданында — 38, Глубокое ауданында — 22, Риддер қаласында — 18 және Шемонаиха ауданында — 15 жаңа жағдай тіркелген. 15 пен 49 жас аралығындағы тұрғындар арасында АИТВ-инфекцияның таралу деңгейі 1% құрайды. Бұл көрсеткіш ұлттық бағдарламаның стратегиялық мақсаттарына сай келеді.
10 қарашадан 10 желтоқсанға дейін облыс көлемінде Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған айлық өтуде. Шара аясында тұрғындардың, әсіресе жастардың ақпараттылығын арттыру мақсатында дәрістер, кездесулер мен түсіндіру акциялары ұйымдастырылуда.
Бұған қоса, 19 қараша күні сағат 13:00-де «Император» сауда үйінде кең көлемді акция өтпек. Онда қала тұрғындары тегін әрі аноним түрде экспресс-тест тапсырып, өз АИТВ статусын біле алады. Бар болғаны 15–20 минут уақытын бөлген адамның денсаулығына деген сенімі артып, өміріне жауапкершілікпен қарауға мүмкіндік туады.
