Өр рух мен теңдессіз талант: Өскеменде Халықаралық мүгедектер күніне орай «Рухты теңдік» фестивалі өтті

Усть-Каменогорск 3-12-2025, 15:23

Өскеменде Халықаралық мүгедектер күніне арналған «Рухты теңдік» фестивалі ұйымдастырылды. Облыстық филармония сахнасында жүзден астам қатысушы өнер көрсетіп, таланттың ешқандай шектеу мен кедергіге бағынбайтынын дәлелдеді. Вокал, поэзия, қолданбалы өнер, музыкалық орындау – барлығы осы күннің басты идеясы болған рухтың күші, инклюзивтілік және өңір мәдениетін байытып жүрген жандарға құрметті айшықтай түсті, деп хабарлайды Altainews.kz.

Халықаралық мүгедектер күні жыл сайын 3 желтоқсанда атап өтіледі. Бұл дата 1992 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған резолюция негізінде бекітілген. Мерекенің мақсаты – мемлекеттер мен қоғамның мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттемесін еске салу, олардың қадір-қасиетін құрметтеуді күшейту және қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өмірге толыққанды қатысуына қолдау көрсету. Бұл күн инклюзия, қолжетімді орта және баршаға тең мүмкіндік туралы жаһандық үнқату алаңына айналды.

Шығыс Қазақстандағы «Рухты теңдік» облыстық инклюзивті фестивалі – мүгедектігі және ерекше қажеттіліктері бар жандар шығармашылық иесі, әнші, ақын, музыкант және қолданбалы өнер шебері ретінде өнер көрсететін ашық платформа. Бағдарламда аспаптық орындау, авторлық поэзия мен әсем әндер шырқалып, музыка, көркем сурет және қолөнер туындылары ұсынылды. Фестиваль облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының қолдауымен өтіп отыр. Қазірдің өзінде ол өңірдің инклюзивті мәдени брендтерінің біріне айналып, теңдік пен құрмет құндылықтарын жүйелі түрде насихаттап келеді.

Биылғы шара облыстық филармонияда өтіп, өңірдің түрлі аудандарынан келген өнерпаздарды жинады. Сахнада әншілер, ақындар, бишілер өнер көрсетті, ал фойеде қолданбалы өнер туындылары қойылды.

Фестиваль Динара Әбілқайырованың «Ел аман болсын!» әнімен ашылды. Одан кейін Александра Леонтьева, Жанар Исламова, Марғұлан Жеңісбеков, Бақытбек Әрімбеков ән орындады. Ал Наталья Петриченко «Скажите детям» әнін ым-таңбамен жеткізіп, ерекше әсер қалдырды.

Поэзия бөлімі де көңіл толқытарлық болды. Гүлдерайым Мұңғарқызы («Өмірімнен монолог»), Елена Миловацкая («Мы просто живём»), Татьяна Медведева («Көрмес әлем»), Жұмабек Сахариев («Біз біргеміз») өз авторлық өлеңдерін оқыды.

Музыкалық бағдарлама Айболат Құнапиевтің «Өмір солай» әнімен жалғасты. Аружан Қамзанова «Нас миллионы» әнін ым-таңба арқылы орындады. Родион Малендор аспаптық композиция ұсынып, Есения Канталинская «Мама» әнін шырқады. №19 мектептің квартеті – Досым Кенжебекұлы, Саянат Фархадқызы, Радмир Ринатұлы және Айдын Мұхамеджанов – «Hotel California» композициясын орындап, көрерменнің ерекше қошеметіне бөленді. Сондай-ақ, Азамат Сайлубаев («Вальс»), Сержан Мұхтарханов («Айқаракөз»), Елена Иванова («Ты моя нежность») әндері шырқалды.

Фестивальдің соңғы аккордын Ания Нұрғазинованың «Қазақ елі осындай» және Данил Дробышевтің «Алға, Қазақстан» әндері айқындады.

Іс-шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, қатысушылар мен көрермендерді құттықтады, марапаттау рәсімін өткізді.

– Шығыс Қазақстан – еліміздің рухани көрікті өңірлерінің бірі. Біз үшін бабалар мұрасын зерттеу, сақтау және молайту – ортақ әрі маңызды міндет. Біздің қоғамда ерекше қажеттіліктері бар дарынды адамдар көп. Олар өз өнерімен, еңбегімен, талпынысымен айналасына шабыт беріп, өңір мәдениетінің дамуына елеулі үлес қосып келеді, – деді аймақ басшысы.

Күш-жігері мен табандылығын көрсеткен барлық қатысушыларға арнайы марапаттар табысталды.

Негізгі жанрлар бойынша жеңімпаздар

Қолданбалы өнер:

III орын – Лариса Болюх (Шемонаиха ауданы)

II орын – Жұбаныш Көбейұлы (Тарбағатай ауданы)

I орын – Зульфира Ерқасымова (Үлкен-Нарын ауданы)

Кескіндеме:

III орын – Ирина Усова (Өскемен)

II орын – Амангелді Исабеков (Үлкен-Нарын ауданы)

I орын – Станислав Савинов (Өскемен)

Авторлық шығармашылық:

III орын – Жұмабек Сахариев (Тарбағатай ауданы)

II орын – Есения Канталинская (Өскемен)

I орын – Татьяна Медведева (Өскемен)

Аспаптық орындау:

III орын – Жанар Исламова (Өскемен)

II орын – Родион Малендор (Өскемен)

I орын – №19 мектептің аспаптық квартеті (Өскемен)

Вокалдық орындау:

III орын – Аружан Нұрланқызы (Өскемен)

II орын – Наталья Петриченко (Өскемен)

I орын – Айболат Нұриевич Құнапиев (Күршім ауданы)

– Біз Халықаралық мүгедектер күніне орай ұйымдастырылған «Рухты теңдік» облыстық инклюзивті фестивалінде бас қостық. Бұл – әр қатысушыға өз қабілетін ашуға, талантын танытуға және өңірдің рухани байлығына үлес қосуға мүмкіндік беретін маңызды алаң. «Рухты теңдік» – адамның физикалық ерекшелігіне қарамастан, үлкен жетістікке жетуге және өз орнын табуға болатынын дәлелдейтін айқын мысал, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Шығыс Қазақстандағы «Рухты теңдік» фестивалі – физикалық шектеулерге емес, талантқа, рухқа және шығармашылыққа сүйенген шынайы теңдік алаңы.


Дамир Омаров 

Фото: Артем Жигулин 

Видео: Евгений Щетников 

Поделиться
0

Комментарии

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Новости ВКО

Новости Казахстана

Мировые новости