Интернет, мектеп, аурухана: Глубокое ауданында әлеуметтік инфрақұрылым жүйелі жаңаруда

Өскемен / Қоғам / Жаңалықтар 31-07-2025, 08:16

Глубокое ауданы әлеуметтік даму саласында тың серпін алуда. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың аудан халқымен жүздесуінде білім беру, денсаулық сақтау, интернетпен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз ету бағыттарындағы өзекті мәселелер қозғалып, нақты шешімдер ұсынылды.

Өңір басшысы әр салаға қатысты кешенді жобалардың әзірленіп, жүзеге аса бастағанын айтты. Аудан тұрғындарының басым бөлігі интернет желісіне қосылғанымен, кейбір елді мекендерде байланыс сапасы әлі де төмен.

— «Интернет желісімен қамту бағытында аудан халқының 97,9%-ы желіге қосылған. Дегенмен, шамамен 1 200 тұрғыны бар бірқатар елді мекенде байланыстың сапасы төмен. Бұл мәселені кезең-кезеңімен шешу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, автожолдар бойында төрт антенна-мачталық құрылыс салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Қазіргі уақытта үш нүкте бойынша оң сараптамалық қорытынды алынған», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ауылішілік жол бойларына антенна-мачталар орнату бастамасы — шалғай елді мекендердің цифрлық теңдігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадам.

Әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарға арналған тұрғын үй мәселесі де назарда. Былтыр ауданда көпбалалы және аз қамтылған отбасылар үшін «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде ауылдық елді мекендерден 48 үй мен 26 пәтер сатып алынды. Биыл бұл көрсеткішті арттыру көзделген: қосымша 24 үй мен 29 пәтер иелеріне табысталмақ.

Былтыр Белоусовка кентінде 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Қазір Опытное Поле ауылында тағы бір мектептің құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар, 7 білім беру мекемесінде жөндеу жұмыстары аяқталды, екі мектептің шатыры ауыстырылды. Үш пәндік кабинет сатып алуға 38 млн теңге бөлінді.

Прапорщиково ауылында мектеп салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Аталған жоба республикалық бюджет есебінен қаржыланбақ.

Аудан бойынша медицина саласына қажеттілік сақталып отыр: 4 дәрігер жетіспейді. Соған қарамастан, бірқатар көрсеткіштерде оң өзгеріс байқалады.

— «Биыл өлім-жітім мен аурушаңдық көрсеткіштері төмендеген: қатерлі ісік 8,2%-ға, қант диабеті 15,1%-ға, жүрек-қан тамырлары аурулары 18,7%-ға қысқарған. 4 нәресте өлімі тіркеліп, аналар өлімі болмаған. Аудан халқы аудандық аурухананың тозығы жеткен ғимаратына күрделі жөндеу қажеттігін көтеріп отыр. Жоба-сметалық құжаттама дайын, ал жөндеу жұмыстары облыстық үшжылдық жоспарға енгізілмек. Қажет болған жағдайда жұмыс бастап, қаражат жыл соңына дейін немесе келесі жылы төленетін болады», — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, тұрғындар аурухананың есіктері тым жоғары орналасқандықтан, егде жастағы азаматтарға ыңғайсыз екенін айтты. Бұл жайт жөндеу жұмыстары кезінде міндетті түрде ескерілмек.

— «Бір мердігер жұмысты бастап, екінші мердігер аяқтауына байланысты осындай қиындықтар туындады. Жөндеу жұмыстары басталған сәтте бұл сұрақтардың ескерілуін тапсырамын», — деді Нұрымбет Сақтағанов.

Интернет сапасы, мектеп құрылысы, аурухана жөндеуі мен әлеуметтік тұрғын үй мәселесі — барлығы Глубокое ауданында халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатындағы нақты бастамалармен шешім табуда. Облыс әкімі барлық жобалардың сапалы әрі уақтылы аяқталуын талап етіп, салалық басқармаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Өңір басшысының айтуынша, «тұрғындардың тұрмыстық жайлылығы — әкімдік жұмысының басты өлшемі».

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар