Зайсан ауданында ауылдарды интернетке кезең-кезеңімен қосу жалғаспақ - ШҚО

Зайсан ауданының тұрғындарымен кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде ұялы байланыс сапасын жақсарту мен интернет қолжетімділігін арттыру бағытында атқарылып жатқан басым жұмыстарды атап өтті. Сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды дамыту жоспарларымен бөлісті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгінде Зайсан ауданында кеңжолақты интернетпен қамту деңгейі – 89,3 пайызды құрайды. Алайда, бірқатар ауылдарда тұрақсыз немесе мүлдем жоқ байланысқа қатысты негізді шағымдар әлі де түсіп жатыр. Атап айтқанда, интернетке қатысты проблемалар 17 елді мекенде тіркелген. Олардың қатарында Мукашы, Сатбай, Жіңішкесі, Шалқар, Тасбастау, Жамбыл, Дәул, Үлкен Қаратал, Қақенталды, Шыршытсу, Қарасай, Қосқора, Қабырғатал және Аққойын ауылдары бар. Бұл ауылдардың жалпы халқы шамамен 3 800 адамды құрайды.
Облыс әкімі Зайсан ауданындағы цифрлық орта дамуының басым бағыттарын атап өтті: биыл Жалшы, Шілікті және Жаңатұрмыс ауылдарында антенна-діңгек құрылыстары (АДҚ) облыстық бюджет есебінен салынған. Бұл нысандар мемлекеттік тізілімге енгізілгеннен кейін байланыс операторлары базалық станцияларды орнату жұмыстарын бастайды. Ұялы байланыс аясын кеңейту мәселесі мобильді операторлармен бірлесе отырып шешіледі.
2025 жылдың басынан бастап облыстағы 14 елді мекен интернетке қосылған. Республикалық цифрландыру жол картасына сәйкес, 2027 жылдың соңына дейін өңірдегі тағы 125 ауыл интернет желісіне қосылмақ. Нұрымбет Сақтағанов телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамытудың маңызын айта келе, бұл жай ғана жайлылық мәселесі емес, ауыл тұрғындарының экономикалық, білім беру және әлеуметтік тұрғыдан ілгерілеуінің шешуші факторы екенін атап өтті.
Айта кетейік, Зайсан ауданындағы 16 мектепке жоғары жылдамдықты «Starlink» интернеті орнатылған. Ал аудан жолдарында, соның ішінде туристік бағыттарда байланысты қамтамасыз ету үшін республикалық трасса бойына биіктігі 45 метр болатын екі антенна-діңгек құрылысын жүргізуге бюджет өтінімдері дайындалған.