Салықтық сауаттылық шалғайда да өзекті: Катонқарағайда көшпелі семинар өтті

Туризм мен ауыл шаруашылығы қатар дамып келе жатқан Катонқарағай — Қазақстанның шекаралық аймағы ғана емес, сонымен қатар экономикасының өзіндік келбеті бар ерекше өңір. Мұндағы демалыс базалары, дүкендер, дәмханалар және басқа да қызмет көрсету орындары жылдан-жылға көбейіп келеді. Алайда кәсіпкерлікпен айналысатын тұрғындар үшін салық заңнамасындағы өзгерістерді түсіну мен күнделікті талаптарды орындау оңайға соқпайды. Әсіресе шалғай ауылдарда ақпараттың дер кезінде жетпеуі — көп мәселенің түп-төркіні.
Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында 23 мамыр күні Катонқарағай ауылында Шығыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті көшпелі семинар өткізді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шараға құқық қорғау және уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері мен БАҚ қатысты.
Семинарда тұрғындарға салық органдарында тіркелу тәртібі, бақылау-кассалық машиналар мен POS-терминалдарды пайдалану, жалдамалы қызметкерлер мен кірістерді салық есебінде көрсету, туристік нысандарға салық салу, тауарларға ілеспе жүкқұжаттар мен алкоголь өнімін сату ережелері секілді маңызды мәселелер бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жалпыға бірдей декларациялау мен мобильді аударымдар туралы кеңес берілді.
Бұл — жай ғана салық органдарының кезекті шарасы емес. Бұл — ауыл-аймақтағы кәсіпкерлер мен тұрғындарға заңды білуге, дұрыс әрекет етуге мүмкіндік беретін нақты қадам. Мемлекет тарапынан салық саласында талап күшейген тұста, осындай ақпараттық кездесулер — халықпен кері байланыстың, ашықтық пен түсіністіктің кепілі.
Катонқарағай ауданында қазіргі таңда 1459 бизнес субъектісі тіркелген. Оның басым бөлігін жеке кәсіпкерлер құрайды. Бұл көрсеткіштің артында күнделікті адал еңбек пен жергілікті экономиканың негізін құрайтын нақты адамдар тұр. Оларға салық заңнамасын түсіндіру — тек салық қызметінің міндеті емес, бұл — қоғам мен мемлекет арасындағы сенімді байланысты нығайтатын маңызды тетік.
Семинар соңында қатысушыларға қажетті жадынамалар мен брошюралар таратылып, мамандар жеке сұрақтарға да жауап берді. Мұндай ашық диалог форматы тұрғындардың көкейіндегі көп күмән мен сауалға нүкте қойып, салық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған нақты іс-шара болды.