Марқакөл жағалауында туристік нысандар салынады

Шығыс Қазақстан облысында өткен «Шекара маңындағы аудандарды дамыту – өңір дамуының негізі» атты сарапшылар қауымдастығының отырысында шекаралық аймақтардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО – шекаралық өңір. Сондықтан бұл аймақтарда халық санының азаюы, инженерлік инфрақұрылымның тозуы, шағын және орта бизнестің экономикалық белсенділігінің төмендігі, несие мен нарықтарға қолжетімділіктің шектеулігі сынды проблемалар бар. Алайда бірқатар аудандарға шекаралық мәртебенің қайтарылуы бұл өңірлерге жаңа серпін берді. Бүгінде инфрақұрылым жаңартылып, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр.
Облыста шекара маңындағы аудандарды қолдауға бағытталған нақты шаралар жүзеге асырылуда. Ұлттық жобалар аясында Өскемен – Алтай – Рахман қайнары бағыты бойынша жолдар қайта жаңғыртылуда. Қашық елді мекендерде көшіп келушілер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне арналған тұрғын үйлер салынуда. Ауыл кәсіпкерлігіне гранттар бөлініп, әлеуметтік сала мен ауыл шаруашылығы цифрландырылуда.
Туризм – шекаралық аудандар үшін маңызды бағыт
Шекара маңындағы аудандарды дамыту жолдары Концепция шеңберінде белгіленгенімен, бұл аумақтардың ел қауіпсіздігі үшін маңызын ескере отырып, оларды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Басқосу барысында қатысушылар шекаралық аудандарды жандандыруға қатысты өз ұсыныстарын айтты. Мәселен, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін оқу мүмкіндігін қамтамасыз ету, жастармен қатар ауылдық өмірге бейімделуге дайын отбасыларды тарту секілді бастамалар көтерілді.
Оның айтуынша, өңірлердің туристік әлеуетін ашу бағытындағы жұмыстар үздіксіз жалғасуда. Солардың бірі – Марқакөл көлі. Қазір көл жағалауында туристік инфрақұрылым салуға рұқсат етілген аймақтар анықталып отыр. Бұл жерлер мемлекеттік қорық пен орман аумағына кірмейді, сондықтан құрылыс заң аясында жүргізіледі.
Жиын қорытындысында сарапшылар қауымдастығы шекара маңындағы аудандардың дамуына ықпал ететін бірқатар ұсыныс білдірді. Бұл бастамалар әрі қарай пысықталып, тиісті мемлекеттік құрылымдарға жолданбақ.
Елизавета Седых
Фото: Жібек Нұрахмет