Ауыл санағы — жаңа форматта: пошта мен статистика бірікті

Өскемен 23-05-2025, 18:19

2025 жылы өтетін Ұлттық ауыл шаруашылығы санағын өткізу аясында Ұлттық статистика бюросы мен «Қазпошта» АҚ өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Бұл құжатқа сәйкес, еліміздің шалғай өңірлеріндегі халықты аралау кезеңінде пошта қызметкерлері интервьюер ретінде жұмылдырылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі «Қазпошта» АҚ ресми сайтына сілтеме жасап.

— Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы — бұл бүкіл ел үшін маңызды науқан. Бұл біз үшін тек статистиканы қолдау ғана емес, сонымен қатар шалғайдағы ауыл тұрғындарына қоғам өміріне белсене араласуға мүмкіндік беру. Пошта қызметкерлері — ел бойынша ең сенімді әрі қолжетімді мамандардың бірі. Бұл ынтымақтастық — әлеуметтік маңызы зор міндеттерді бірлесе атқарудың жарқын үлгісі, — деді «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова.

Ұлттық статистика бюросының басшысы Мақсат Турлубаев атап өткендей, бұл модельдің бірегейлігі — пошта қызметкерлеріне деген сенім мен оларды халықтың жақсы тануында.

— Пошта қызметшілері ауыл-аймақтың әрбір тұрғынына жақсы таныс, оларды құрметтейді. Кеңінен таралған пошта желісі мен орнықты логистикалық жүйе бұл науқанның сапалы өтуіне ықпал етеді, — деген пікірін жеткізді бюро басшысы Мақсат Турлубаев.

Ұлттық статистика бюросының хабарлауынша, жалпы есепке 3500-ден астам интервьюер тартылады. Олардың бір бөлігі — өңірлердегі пошта қызметкерлері.

Естеріңізге сала кетейік,  ауыл шаруашылығы санағы Президенттің тапсырмасына сай 2025 жылғы 1 тамыздан 31 тамызға дейін арнайы веб-порталда өзін-өзі толтыру әдісімен, 20 қыркүйектен 20 қазан аралығында, санақ қызметкерлерін тарта отырып, жеке әңгімелесу әдісімен және планшеттерді қолданумен жүргізіледі.


Фото: qazpost.kz

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар