Зайсанда жаңа Конституция жобасы түсіндірілді
Зайсан ауданында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Шығыс Қазақстан облыстық филиалының аудандық әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде жаңа Конституция жобасын түсіндіруге арналған кездесу өтті.
Іс-шараның негізгі мақсаты – ұжым қызметкерлеріне конституциялық өзгерістердің мазмұны мен маңызын түсіндіру, сондай-ақ алдағы жалпыхалықтық референдумның мәнін кеңінен таныстыру болды.
Кездесуге Зайсан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Зумрад Дүйсенбаева және «AMANAT» партиясы Зайсан аудандық филиалының төрағасы Болатбек Балабайұлы қатысты. Олар қызметкерлерге Ата заңға енгізілетін негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы жан-жақты мәлімет беріп, олардың елдің қоғамдық-саяси дамуына ықпалына тоқталды.
Спикерлердің айтуынша, конституциялық реформалар мемлекет басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, жиын барысында қатысушылар алдағы жалпыхалықтық референдумның маңызы туралы ақпарат алып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар ұсыныстарымен бөлісті.
