Дала күні: ШҚО-да жаңа сұрыптар мен су үнемдеу әдістері әзірленіп жатыр

Өскемен / Қоғам / Жаңалықтар 26-07-2025, 09:31

 Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданында республикалық ауқымдағы «Шығыстағы Дала күні» өтті. Іс-шара «Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС базасында ұйымдастырылып, шаруаларды, агроөнеркәсіп мамандарын, ғылым мен бизнес құрылымдары өкілдерін бір алаңға тоғыстырды. 

Мақсат – ауыл шаруашылығы дақылдарын тиімді өсіру бойынша аграршылардың кәсіби білімі мен практикалық дағдыларын арттыру.

Дала күнінің басты тақырыптары – заманауи тұқым шаруашылығы әдістері, өсімдіктерді қорғау, ресурсты үнемдеу технологиялары, АӨК-ті мемлекеттік қолдау бағдарламалары болды.

– Мұндай іс-шаралардың артықшылығы – университеттер, жеке әріптестер мен шаруа қожалықтары біздің ғылыми әзірлемелерімізбен танысып, бірлескен жобаларды дамытуға ұсыныс жасай алады. Бұл – байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік, – деді С. Аманжолов атындағы ШҚУ-дың аға ғылыми қызметкері Мәуліт Алмасбек.

Университет бірнеше жылдан бері тәжірибе станциясымен тығыз жұмыс істейді. Бұл жолы оқу орны топырақтың ылғалдылық деңгейін болжауға бағытталған ғылыми жобаларын таныстырды.

Іс-шараға Қазақстанның әр өңірінен және шетелден келген қонақтар қатысты.

– Біз Қазақстанмен бес жылдан бері тығыз әріптестік орнатып келеміз. Көптеген тұқым және селекциялық мекемелермен жұмыс істейміз. Бұл жолы біздің гибридтер ұсынылды. ШҚО тәжірибе станциясымен бірлескен селекциялық бағдарламамыз бар. Биыл алғашқы бірлескен гибридтеріміз сынаққа жіберілді. Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылған, жаңа серіктестер мен тұтынушылар табуға сенімдіміз, – деді Украина селекциялық ғылыми институтының өкілі Ярослав Парий. 

Ресми ашылудан кейін қатысушылар жаңа сорттар мен гибридтердің демонстрациялық егістіктерімен танысты. Мұнда күздік және жаздық дақылдардың, дәнді, бұршақ тұқымдас, майлы және малазықтық отандық сұрыптары көрсетілді.

Одан кейін ауыл шаруашылығы техникаларының көрсетілімі өтті.

Қатысушылар тек техниканың жұмысын көзбен көріп қоймай, мамандарға сұрақ қойып, практикалық кеңестер де алды.

– Бізді арнайы шақырды. Негізгі бағытымыз – мал шаруашылығы, бірақ көкөніс өсіру де бар. Бүгінгі таныстырылымда қандай жаңа әзірлемелер бізге пайдалы болатынын білгіміз келеді. Қай дәнді дақыл мал азығына тиімді – соны түсінгіміз келеді, – деді ШҚО-дағы шаруа қожалығының жетекшісі Оралбек Тоқашев.

Іс-шараға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы қатысты.

– Бүгінгі шараның маңызы зор. Қазір ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Тұқым шаруашылығы мен климаттық өзгерістерге төзімді жаңа сорттарды шығару өте маңызды. Өйткені дұрыс таңдалған тұқым – болашақ өнімнің 40-50 пайызына ықпал етеді. Дала күні – тәжірибе алмасатын ашық диалог алаңы, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, ғылыми жұмыс жүргізу аз, оны аграршыларға қолжетімді етіп жеткізу де – басты міндет.
Кейін тәжірибе станциясының алаңында отандық және шетелдік сарапшылардың қатысуымен пленарлық отырыс өтті.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар