Құқық бұзушылықтар картасы не үшін қажет?

Өскемен / Жаңалықтар 8-06-2025, 11:04

ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ШҚО бойынша департаменті «Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» интернет-порталының жұмысы туралы айтып берді. Бұл жоба «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 32-қадамын іске асыру аясында әзірленген және 2015 жылы ТМД елдері арасында бірінші орын алған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Қылмыстық құқық бұзушылықтар картасы» – бұл тіркелген қылмыстар мен құқық бұзушылықтар туралы ақпаратты нақты уақыт режимінде географиялық картада көрсететін интерактивті онлайн-сервис. Бұл карта барлық азаматтарға Қамқор комитетінің GIS-порталында қолжетімді: qamqor.gov.kz (немесе gis.kgp.kz).

Картада орналастырылатын негізгі мәліметтер Қылмыстық құқық бұзушылықтар жөніндегі бірыңғай тергеу тізілімінде (БТТ) тіркелген деректерге негізделген, бұл ақпараттың өзектілігі мен шынайылығын қамтамасыз етеді.

Құқық бұзушылықтар картасы күнделікті өмірде таптырмас көмекші бола алады. Ол азаматтарды нақты аймақта, елді мекенде немесе көшеде жиі тіркелетін қылмыстар туралы интерактивті түрде хабардар етіп, белгілі бір аумақтағы қауіпсіздік деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл қызмет тұрғын үй таңдау кезінде де, бизнес ашу барысында да, сондай-ақ құқық қорғау органдарына өз жұмысын ашық жүргізіп, талдау жасауға, патрульдеу мен профилактикалық шараларды жоспарлауға пайдалы.

Мысалы, 2025 жылдың алғашқы төрт айында Өскемен қаласында 1 011 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Портал мәліметіне сәйкес, қаладағы ең қылмыстық бес көше қатарына Н. Назарбаев даңғылы (61 құқық бұзушылық), Сәтпаев даңғылы (54), Қазақстан көшесі (48), Қабанбай батыр көшесі (44) және Абай даңғылы (36) кірген.

Бөлісу
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив

Шығыс Қазақстан жаңалықтары

Қазақстан жаңалықтары

Әлемдік жаңалықтар