Сотталғандарға рақымшылық жасалуы мүмкін

Биыл Қазақстан Конституциясының 30 жылдық мерейтойына орай, елде ізгілік пен гуманизм қағидаттарын басшылыққа алып, сотталған кейбір азаматтарға рақымшылық жариялануы ықтимал. Осыған байланысты Парламент Мәжілісінде арнайы заң жобасы қаралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Заң жобасы адамгершілік қағидаттарын негізге ала отырып, қылмыстық саясатты ізгілендіру мақсатында әзірленген. Құжатқа сәйкес, қоғамдық қауіпсіздікке елеулі қатер төндірмейтін қылмыс жасаған, соның ішінде әлеуметтік жағынан осал санатқа жататын сотталғандар бостандыққа шығуы мүмкін. Рақымшылық кәмелетке толмағандар, жүкті әйелдер, кәмелетке толмаған балалары бар аналар, зейнеткерлер, Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен мүгедектер және оларға теңестірілген азаматтарға қолданылуы ықтимал.
Сондай-ақ заң жобасында ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталғандардың жаза мерзімін қысқарту көзделген.
Мәжіліс депутаты Үнзила Шапақтың айтуынша, алдын ала есеп бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде отырған шамамен 632 адам және пробациялық бақылауда тұрған 3,5 мың азамат рақымшылыққа ілігуі мүмкін.
Үнзила Шапақтың айтуынша, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес рақымшылық актісі Парламенттің заң қабылдауы арқылы жүзеге асырылады. Бұл ретте, адамгершілік пен ізгілік қағидаттары, әлеуметтік осал топтарды қоғамға бейімдеу қажеттілігі және мемлекет тарапынан жаза орындауға жұмсалатын шығындарды оңтайландыру – рақымшылық жариялаудың басты негіздері ретінде қарастырылады.
Алайда, Республикалық адвокаттар алқасы заң жобасына қатысты сын пікір білдірді.
Адвокаттар алқасы таратқан ресми мәлімдемеде «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасындағы 4-бап қылмыстық құрамдардың елеулі бөлігін қамтығанымен, рақымшылыққа ілігетін азаматтар санын шектейтіні айтылған. Адвокаттар бұл құжаттың тек ресми сипатта қалып, қоғам күткен әлеуметтік өзгерістерге алып келмеуі мүмкін екендігін ескертеді.
Адвокаттар алқасы абайсызда жасалған әрекеттердің қасақана құқық бұзушылықтармен теңестіріліп отырғанына алаңдаушылық білдірді. Олардың пайымдауынша, мұндай істер көбіне бақылаудың әлсіздігі, жағдайға немқұрайлы қарау немесе баға берудегі қателіктердің салдарынан орын алады.
Республикалық адвокаттар алқасының төралқа мүшесі, Шығыс өңіріне белгілі адвокат Қалтай Қалиақпаровтың пікірінше, ұсынылған заң жобасы әлі де жетілдіруді қажет етеді. Себебі жоба мәтінінің үштен бірі рақымшылық қолданылмайтын құқық бұзушылықтарға арналған. Бұл, өз кезегінде, рақымшылыққа ілігетін азаматтар қатарын едәуір қысқартады.
Мамандардың түсіндіруінше, гуманизм қағидаттарына сүйене отырып, сотталғандарды босатуға қатысты рақымшылық және амнистия (кешірім) ұғымдары қолданылады. Айырмашылығы – рақымшылық белгілі бір санаттағы тұлғаларға ғана қатысты жарияланады (мысалы, әйелдерге, кәмелетке толмағандарға немесе ұзақ мерзімге сотталғандарға), ал амнистия жаппай сипатта болады. Конституцияның 54-бабына сәйкес, амнистия туралы актіні Парламент қабылдай алады, ал рақымшылықты тек ел Президенті жариялай алады.
Фото: ашық дереккөзінен алынды