Күршім ауданында аумақтық қорғаныс бойынша оқу-жаттығу жиыны өтті

19–28 мамыр аралығында Күршім ауданында облыстық аумақтық қорғаныс бригадасының қатысуымен тактикалық-арнайы оқу-жаттығу жиыны өтті. Әскери міндеттілер нақты жағдайға негізделген тапсырмалар бойынша дайындық жүргізіп, стратегиялық нысандарды қорғау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында тәжірибе жинады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аталған шара ҚР Қорғаныс министрлігінің жоспары негізінде және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің арнайы қаулысына сәйкес ұйымдастырылды. Жиынға Күршіммен қатар Самар және Марқакөл өңірлерінен де әскери міндетті азаматтар тартылды.
Аумақтық қорғаныс құрылымдарын даярлау – мемлекеттің қорғаныс қабілетін арттырып, халық пен стратегиялық нысандарды ықтимал қауіптерден қорғауға бағытталған. Бұл жаттығулар лаңкестік немесе диверсиялық ықтимал қауіптің алдын алу, төтенше жағдайларда жедел әрекет ету, сондай-ақ әскери немесе төтенше жағдай енгізілген кезде қоғамдық тәртіпті сақтау шараларын қамтиды.
Жиын кезінде әскери міндеттілерге жауынгерлік даярлық, жедел жұмылу, азаматтық қорғау жүйелерімен өзара іс-қимыл және стратегиялық маңызы бар объектілерді күзету бойынша тапсырмалар берілді. Практикалық кезеңдер әскери тәртіпті, бірлік пен шұғыл шешім қабылдау қабілетін шыңдауға бағытталды.
Жиынға қатысушылар қажетті әскери жабдықтармен, киім-кешекпен, жеке қорғаныс құралдарымен, төсек орын және гигиеналық заттармен қамтамасыз етілді. Тұрмыстық жағдай толықтай ескеріліп, үш мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әскери жиынға шақырылған азаматтардың жұмыс орны мен лауазымы сақталады. Олар жиын барысында орташа жалақысын алса, жұмыссыз азаматтарға мемлекет ең төменгі жалақы көлемінде өтемақы төлейді.
Жалпы, мұндай жиындар әскери міндетті азаматтардың ел қорғанысындағы рөлін арттырып, қоғам мен әскерилер арасындағы сенімді нығайтады. Күршім ауданындағы оқу-жаттығу мұны тағы бір мәрте айғақтады. Қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау – тек әскердің ғана емес, барша азаматтардың ортақ міндеті.