181 мың қазақстандық Skills Enbek платформасында оқып, сертификат алды

Жыл басынан бері 181 мың қазақстандық Skills Enbek кәсіптік оқыту платформасында онлайн-курстардан өтіп, біліктілікті арттыру туралы сертификаттарға ие болды. Олардың қатарында 34,4 мыңға жуық жұмыссыз азамат бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жалпы, бүгінге дейін Платформада 712,5 мың қазақстандық тіркелген. Оның ішінде 213,8 мыңы – биыл, 2025 жылы тіркелгендер. Ал платформа іске қосылған кезден бастап 591,9 мың адам түрлі курстардан өткен.
Жұмыссыз азаматтардың ішінен онлайн-оқудан өткендердің 9,1 мыңы – Ақтөбе мен Түркістан облыстарының, сондай-ақ Шымкент пен Алматы қалаларының жастары.
Бүгінгі таңда Платформада әртүрлі бағыт бойынша 1 000 онлайн-курс жарияланған. Оның 319-ы – тегін. Курстардың ұзақтығы 1 сағаттан 72 сағатқа дейін созылады. Сонымен қатар Courstore, Fluent Education және Яндекс Қазақстан сынды серіктестердің курстары да қолжетімді.
Сәуір айында ең көп сұранысқа ие болған курстар қатарында «Твой карьерный старт: как использовать Электронную биржу труда», «Туризм туралы түсінікті тілмен», «Страховой агент», «Motion design» және «Продавец» курстары бар.
Платформада ауыл шаруашылығы, қаржы және бухгалтерлік есеп сияқты түрлі салалар бойынша тегін курстардың саны үнемі артып келеді. Онлайн оқыту арқылы азаматтар білімін жетілдіріп, мансаптық дамуына жол аша алады.
Skills Enbek – бұл халықаралық оқыту алаңдарына ұқсас, қызметтер нарығы қағидаты бойынша жұмыс істейтін платформа. Оқуға https://skills.enbek.kz/ сайты арқылы немесе enbek.kz порталындағы «Онлайн оқыту» бөлімінен өтуге болады.
Платформада білім алушы өзіне ыңғайлы оқу қарқынын, тілді және материал ұсынылу форматын таңдай алады. Сабақтың құрылымы түсінікті, курсты бақылау мен авторлармен байланыс жасау жүйесі қарастырылған.
Сондай-ақ жасанды интеллект көмегімен жұмыс істейтін чат-бот енгізілген. Ол пайдаланушыларға қажетті ақпаратты жылдам табуға көмектеседі. Оқу соңында білім алушы тестілеуден өтіп, шекті деңгейден (70%) асқан жағдайда, курсты аяқтағаны туралы сертификат алады.
Сертификат Enbek.kz платформасында түйіндемеге автоматты түрде тіркеледі және жұмыс берушілерге көрінеді. Ал курсты аяқтау үшін қатысушы оның сапасына баға беруі қажет.
Айта кетейік, курс авторлары үшін материалдарды жариялау тегін. Курстар мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде ұсынылады. Материалдар мәтін, презентация, бейне, аудио және инфографика форматтарында болуы мүмкін.
Сондай-ақ 2023 жылдың желтоқсанынан бастап Enbek мобильді қосымшасы арқылы да оқу мүмкіндігі бар. Қосымшаны Google Play немесе App Store дүкенінен жүктеп алуға болады.
Дереккөз: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі