#Өскемен / Жаңалықтар
Өнеркәсіп аймағынан — курортқа: Котловандар Өскеменнің ресми қалалық жағажайына айналады
11-02-2026, 11:30
Өскемендіктердің жазғы сүйікті демалыс орны жаңа деңгейге көтерілуде.
Алдағы уақытта бұл жерде толыққанды инфрақұрылым қалыптастырылып, кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.
Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, басты талап — демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Су айдынының түбін тегістеу жұмыстары комбинаттың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Одан кейін аумақ кезең-кезеңімен абаттандырылады. Жағажайда шезлонгтар, жарықтандыру жүйесі, сауда нүктелері, санитарлық-гигиеналық тораптар және жайлы демалысқа қажетті өзге де инфрақұрылым элементтері орнатылады. Нәтижесінде котловандар толыққанды қалалық демалыс аймағына айналады.
Қала әкімі бұл орынның қазірдің өзінде, әсіресе аптап ыстықта қала сыртына шыға алмайтын тұрғындар арасында үлкен сұранысқа ие екенін атап өтті. Ресми мәртебе мен абаттандыру демалысты тек жайлы ғана емес, ең бастысы — қауіпсіз етеді.
