Өскеменде «Әділет» партиясының өкілдері Стрелкада жастармен бірге таңғы жаттығу өткізді

Өскемен қаласында «Әділет» партиясының өкілдері жастармен бірге бұқаралық спорттық акция ұйымдастырды. Іс-шара Ертіс пен Үлбі өзендерінің тоғысындағы тұрғындардың сүйікті демалыс орындарының бірі – Стрелка жағалауында өтті. Ашық аспан астында өткен таңғы жаттығуға 50-ден астам адам қатысты.

Айта кетейік, Стрелка шағын ауданы қала тұрғындары үшін серуендеуге, демалуға және спортпен айналысуға арналған ең танымал орындардың бірі саналады. Мұнда жыл бойы жүгіру, велошеру, дене шынықтыру жаттығулары, экологиялық және қоғамдық акциялар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Сондықтан ұйымдастырушылар бұл жолы да дәл осы орынды таңдаған.

Шара Құрылтай депутаттарын сайлау алдындағы үгіт-насихат науқаны аясында ұйымдастырылды. Таңғы жаттығуға партия өкілдерімен қатар Құрылтай депутаттығына кандидаттар Ерлан Саиров пен Жанат Мекеева да қатысты. Олар жастармен бірге дене шынықтыру жаттығуларын орындап, салауатты өмір салтын насихаттаудың маңыздылығына тоқталды.

Іс-шара барысында қатысушылар кәсіби нұсқаушының жетекшілігімен қыздыру жаттығуларын жасап, созылу, тыныс алу және жалпы дене белсенділігін арттыруға бағытталған қарапайым жаттығулар кешенін орындады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жаттығуларды кез келген адам арнайы спорт залына бармай-ақ, саябақта, жағалауда немесе үй ауласында жасай алады.

Акцияның басты мақсаты – жастарды және қала тұрғындарын тұрақты түрде спортпен айналысуға шақыру, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және белсенді өмір салтын күнделікті әдетке айналдыру. Ұйымдастырушылардың пікірінше, денсаулықты нығайту үшін қымбат жабдықтың немесе ерекше жағдайдың қажеті жоқ, ең бастысы – ниет пен тұрақтылық.

«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының мүшесі Ерлан Саиров мұндай бастамалардың қоғам үшін маңызы зор екенін атап өтті.

– Біз салауатты өмір салтын күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыруға бағытталған барлық бастамаларды қолдаймыз. Бүгін жастармен бірге Өскеменнің ең көрікті орындарының бірі – Стрелкада таңғы жаттығу өткіздік. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылып, оған мүмкіндігінше көп адам қатысса, оның пайдасы зор болады деп есептеймін, – деді Ерлан Саиров.

Іс-шараға қатысушылар да мұндай кездесулердің адамдарды біріктіріп, спортқа деген қызығушылықты арттыратынын айтты. Олардың пікірінше, ашық ауада өткізілетін бұқаралық жаттығулар жастарды ғана емес, әртүрлі жастағы тұрғындарды белсенді өмір салтына ынталандырады.

Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай спорттық акциялар алдағы уақытта Шығыс Қазақстан облысының басқа қала және аудандарында да ұйымдастырылады. Бұл тұрғындарды бұқаралық спортқа кеңінен тартуға бағытталған бастамалардың бір бөлігі болмақ.

«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасында бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Бағдарламада халықтың дене белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде өткізу, спортпен шұғылдануға қолжетімді жағдай жасау және «Саламатты шаңырақ» республикалық бастамасын іске қосу көзделген. Бұл жоба арқылы отбасылық құндылықтарды нығайту, балалар мен ересектер арасында салауатты өмір салтын кеңінен насихаттау және тұрақты дене белсенділігін қалыптастыру жоспарланып отыр.

Партия бағдарламасына сәйкес, 2029 жылға қарай Қазақстанда тұрақты түрде спортпен айналысатын тұрғындардың үлесін 50 пайызға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Бұл үшін өңірлерде бұқаралық жарыстарды көбейту, ашық спорт алаңдарының мүмкіндігін тиімді пайдалану және тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына қолайлы жағдай жасау жоспарлануда.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter