Жаңа Конституция жеке деректерді қалай қорғайды?

Онлайн қызметке тіркелгенде немесе банк қосымшасын пайдаланғанда адам өзі туралы мәлімет береді. Жаңа Конституцияның 21-бабы әркімнің дербес деректерін заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауға кепілдік береді. Бапта бұл талаптың цифрлық технологияларды қолданған кезде де сақталуға тиіс екені арнайы көрсетілген.
Бұл кепілдік күнделікті өмірде нені білдіреді? Мысалы, адам белгілі бір қызметті алу үшін жеке мәліметтерін ұсынды делік. Мұнда мәліметті қалай жинағаны ғана емес, оны кейін қалай сақтап, не үшін пайдаланғаны да маңызды. Конституция осы әрекеттердің әрқайсысына қатысты адамның құқығын қорғайды.
Осы бап жеке хат-хабар мен телефон арқылы сөйлесудің құпиясын да қорғайды. Бұл ереже пошта арқылы жіберілген хатқа да, цифрлық байланыс құралымен жолданған хабарламаға да қолданылады. Банк операциялары, жеке салымдар мен жинақтар туралы мәліметтер де заңмен қорғалады. Мұндай құпияны сақтау құқығын тек заңда көрсетілген жағдайда және заңда белгіленген тәртіппен шектеуге болады.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter