Жаңа Конституциядағы құқықтық кепілдіктер мен қоғамдық даму бағыттары

Қазақстанның жаңа Конституциясында адамның жеке өмірін қорғаудан бастап, мемлекеттік органдардың жұмысын ұйымдастыруға дейінгі мәселелер қамтылған. Ата Заңда азаматтардың құқықтық кепілдіктері нақтыланып, білім мен ғылымды дамытуға басымдық берілген. Мемлекеттік басқаруда Құрылтай, Вице-Президент және Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесі айқындалған.
 
2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген құжаттың күнделікті өмірге қатысты нормаларының бірі — дербес деректерді қорғау. Қазір азаматтар банк қызметін пайдалану, құжат рәсімдеу немесе өтініш беру кезінде жеке мәліметтерін электрондық жүйелерге енгізеді. Сондықтан бұл ақпараттың сақталуы мен заңды пайдаланылуы маңызды.
 
Конституцияның 21-бабында жеке және отбасы құпиясын, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау кепілдіктері белгіленген. Хат алмасу, телефон арқылы сөйлесу, банк операциялары мен цифрлық байланыс құпиясы да осы нормамен қамтылады. Бұл ереже технологиялар дамыған жағдайда да адамның жеке өміріне құрметпен қарау қажеттігін бекітеді.
 
Ақпаратты еркін алу және тарату құқығы өзгенің мүддесін ескерумен сабақтасады. 23-бап сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріп, цензураға тыйым салады. Сонымен бірге адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау талаптарын белгілейді. Оның мәні әлеуметтік желідегі жазбаға да, бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымға да қатысты: пікір білдіру кезінде деректің дәлдігіне және жеке ақпараттың құпиялығына назар аудару қажет.
 
Азаматтардың мемлекеттік органдармен қарым-қатынасында құқықты қорғау мүмкіндігі де нақтыланған. 15-бапта мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз әрекетінен келген зиянды мемлекеттен өтетіп алу құқығы қарастырылған. Мұндай талап тиісті құқықтық рәсімдер арқылы қаралады. Бұл мемлекеттік шешімдердің заңдылығымен қатар, олардың адамға тигізген салдарын да бағалауға негіз береді.
 
Жеке бас бостандығына арналған 18–19-баптар адамның ұсталған сәттен бастап өз құқықтарын білуіне және заң көмегін алуына қатысты кепілдіктерді қамтиды. Оған бостандығын шектеудің себептері түсіндірілуге тиіс. Заңды күшіне енген сот үкімі болмайынша, адам кінәлі деп саналмайды. Адвокатураның сот арқылы қорғалу мен заң көмегіне қол жеткізудегі орны 86-бапта жеке көрсетілген.
 
Әлеуметтік саладағы нормалар отбасы, тәрбие және білім мәселелерін өзара байланыстырады. 30-бапта неке, отбасы, ана, әке мен бала мемлекеттің қорғауында екені жазылған. Ата-ананың бала тәрбиесіне жауапкершілігі, ересек балалардың еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасау міндеті белгіленген.
 
Білімге қатысты 33-бап мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік береді. Ал 3-бап адам капиталын, білімді, ғылымды және инновацияны дамытуды стратегиялық бағыт ретінде айқындайды. Бұл бағыттардың практикалық маңызы сапалы маман даярлау, кәсіби біліктілікті жетілдіру және зерттеу нәтижелерін қолданысқа енгізу арқылы көрінеді.
 
Осы және өзге де салалардағы шешімдерді жүзеге асыру мемлекеттік органдардың жұмысына байланысты. Жаңа Конституцияда заң шығару билігін жүзеге асыратын бір палаталы Құрылтайдың мәртебесі бекітілген. Оның құрамына бес жылға сайланатын 145 депутат кіреді. Құрылтай заң қабылдау, республикалық бюджетті қарау және Үкімет қызметін бақылау өкілеттіктерін атқарады.
 
Басқару жүйесінде Вице-Президент лауазымы да қарастырылған. Оны Құрылтайдың келісімімен Президент тағайындайды. Ата Заңда Президент өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтаған жағдайда қолданылатын рәсімдер мен сайлау өткізу тәртібі белгіленген. Бұл ережелер билік өкілеттіктерінің берілуін құқықтық тұрғыдан реттейді.
 
Қоғамдық ұсыныстарды қарауға Қазақстан Халық Кеңесі қатысады. Кеңес қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікке қатысты ұсынымдар әзірлеуге, Құрылтайға заң жобаларын енгізуге және референдум тағайындау туралы бастама көтеруге өкілетті. Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жалпыхалықтық референдум арқылы қарастырылады.
 
Жаңа Конституцияның мазмұны азаматтың құқығы мен мемлекеттің міндетін өзара байланыстыра түсіндіреді. Жеке мәліметтердің қорғалуы, заң көмегінің қолжетімділігі, білім алу мүмкіндігі және мемлекеттік органдардың есептілігі осы байланыстың күнделікті өмірдегі көрінісі. Аталған нормаларды білу азаматтардың құқықтық мәселелерде өз мүмкіндігін түсінуіне және заңда белгіленген тәртіппен әрекет етуіне көмектеседі.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter