ШҚО-да 78 ата-ана жаңа туған сәбиге БЦЖ екпесін салдырудан бас тартты
Облыс бойынша 2025 жылы 7 191 нәресте БЦЖ вакцинасымен қамтылды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямғазина мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, балалар арасында туберкулездің алдын алудағы ең тиімді шаралардың бірі – жаңа туған нәрестелерді перзентханада иммундау. 2025 жылы облыста 7 362 сәби дүниеге келген. Олардың 97,7%-ы БЦЖ екпесін алған. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда тұрақты көрсеткіш.
Дегенмен, 171 нәресте перзентханада БЦЖ вакцинасын алмаған. Соның ішінде 68 балаға уақытша медициналық қарсы көрсетілімдер себеп болса, 78 жағдайда ата-аналар екпеден бас тартқан. Ал 25 сәби түрлі өзге себептерге байланысты вакцинациядан өтпеген.
Жыл ішінде медициналық қарсы көрсетілімі жойылған 50 бала алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында БЦЖ вакцинасын алды. Дәрігерлердің айтуынша, бұл балаларды туберкулездің ауыр және асқынған түрлерінен қорғайды. Статистика бойынша, екпе алған балалар арасында ауру әлдеқайда сирек тіркеледі және асқыну қаупі төмен болады.
