Шығыс Қазақстан облысында тұмау мен ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты

Шығыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ), тұмау және коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.



Қазіргі таңда өңірдегі ЖРВИ, тұмау және коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты әрі қанағаттанарлық деп бағаланады.


2025–2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда (40–3 апталар аралығы) облыста ЖРВИ-дің 141 493 жағдайы тіркелді. 100 мың тұрғынға шаққандағы сырқаттанушылық көрсеткіші 19 529,45-ті құрады. Аурушаңдықтың негізгі бөлігі 14 жасқа дейінгі балалар арасында байқалды — 86 665 жағдай, бұл жалпы сырқаттанушылықтың 61%-ын құрайды.


Жүкті әйелдер арасында 2 711 жағдай, бір жасқа дейінгі балалар арасында 1 724 жағдай тіркелді.


Өткен эпидемиялық маусымда тұмаудың зертханалық расталған 182 жағдайы анықталды, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 39 жағдай тіркелген. 2024–2025 жылдардың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ЖРВИ көрсеткіші 4,6%-ға, ал тұмау 8 есеге артқан. Алайда сырқаттанушылық деңгейі көпжылдық статистикалық деректерге негізделген бақылау шегінен аспайды.


2025–2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда облыста коронавирустық инфекцияның 2 жағдайы тіркелді (өткен маусымда — 26 жағдай). Осылайша, сырқаттанушылық 13 есеге төмендеді. Вирус анықталмаған пневмония жағдайлары өткен жылы да, биыл да тіркелген жоқ.


Басқа респираторлық вирустарды анықтау мақсатында 1 202 сынама зерттеліп, оның 137-сінде вирустар анықталды. Атап айтқанда, респираторлық-синцитиалды вирус — 62%, аденовирус — 28,4%, коронавирус — 7,3%, боковирус — 2,7%.


ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2025 жылғы 22 қыркүйектегі №6 қаулысына сәйкес, ЖРВИ мен тұмау бойынша эпидемиялық маусым 2025 жылғы 1 қазаннан 2026 жылғы 1 мамырға дейін жалғасады.


Ағымдағы эпидемиялық маусымда A/H3N2 тұмау вирусының белсенді айналымы байқалуда. Сырқаттанушылықтың артуына күз мезгілінің ұзаққа созылуы, өңірге тән емес жылы қыс, сондай-ақ өткен маусымда бұл вирусқа халық иммунитетінің төмендеуі әсер еткен.


Тұмауға қарсы барлығы 77 048 адам вакцинациядан өтті. Оның ішінде 75 000 адам — жергілікті бюджет есебінен, 1 868 адам — жұмыс берушілердің қаражаты есебінен, 180 адам ақылы негізде өтті. Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған халықты вакцинациямен қамту деңгейі — 10,6% көрсеткішіне қол жеткізілді. Вакцинациядан кейін қолайсыз жағдайлар тіркелген жоқ.


Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі облыс тұрғындарын тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу шараларын сақтауға шақырады. Вакцинация — инфекциядан қорғанудың ең тиімді жолы. Сонымен қатар, жеке гигиена ережелерін сақтау, қолды жиі жуу, антисептик қолдану, адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу, бөлмелерді желдету және салауатты өмір салтын ұстану аурудың алдын алуға көмектеседі.


Ауруды емдегеннен гөрі, алдын алу әлдеқайда тиімді.

Бөлісу: Facebook Telegram Twitter