ШҚО-да  ауыл шаруашылығы жануарлары арасында құтыру дерегі жедел түрде оқшауланды

 
ШҚО-ның Зайсан ауданы аумағында жабайы түлкімен байланыстан кейін ірі қара мал арасында құтыру ауруы тіркелді. Бұл туралы Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ШҚО ветеринария басқармасының басшысы Рамиль Сағандыков мәлімдеді.
 
Оның айтуынша, оқиға биыл болған. Түлкі дер кезінде ұсталып, жүргізілген диагностикалық зерттеулер нәтижесінде жануардан құтыру вирусы анықталған. Ауру ошағы анықталғаннан кейін мамандар ірі қара мал басын жедел тексеруден өткізді. Зертханалық сараптама қорытындысы бойынша бес сиырдың құтыру жұқтырғаны белгілі болды.
 
Инфекция ошағында барлық қажетті эпизоотияға қарсы іс-шаралар шұғыл түрде жүргізілді: шектеу шаралары енгізіліп, жануарлар оқшауланды және кешенді санитарлық өңдеу жұмыстары атқарылды.
 
Басқарма басшысы өткен жылы осындай жағдай көршілес Тарбагатай ауданында тіркелгенін атап өтті. Ол кезде түлкі үй жануарын тістегенімен, зертханалық тексеру нәтижесінде одан құтыру вирусы табылған жоқ.
 
Мамандар құтырудың аса қауіпті ауру екенін еске салып, ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін уақытылы вакцинация жүргізуге және жануарлардың күдікті мінез-құлқы байқалған жағдайда ветеринариялық қызметтерге дереу хабарлауға шақырады.
Бөлісу: Facebook Telegram Twitter